Жаңалықтар

Заңсыз көші-қонның зардабы көп

Заңсыз көші-қонның зардабы көп

Меркі ауданында заңдылықтың, құқық тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Алдымен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Чалдовар», «Сыпатай батыр», «Меркі теміржолы» бақылау пункттеріндегі шекаралық бақылаудың техникалық құралдарымен танысты. Одан кейін жиында оған қатысушылар заңсыз көші-қонның қарсы әсері, мемлекеттік шекара режимінің бұзылуын болдырмау, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. 2020-2021 жылдары және осы жылдың 7 айында облыс аумағында шетелдік азаматтардың қатысуымен 387 қылмыс жасалған. Биыл өткен 7 айда ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы (ҚР-ның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша 55 қылмыстық іс, осы заңның 394-бабы (көші-қонды заңсыз ұйымдастыру) бойынша 14 қылмыстық іс тіркелген. Қылмысты ескерту және оның жолын кесу мақсатында ҰҚК облыстық департаментінің Шекаралық қызметіне жедел-іздестіру шараларын өткізу туралы нұсқаулар жіберіліп, нәтижесінде заңсыз көші-қонның бірнеше дерегі анықталды. Облыстық прокуратураның нұсқауына сәйкес аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін полиция және шекара қызметінің қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық жұмысшы тобы құрылды. ҰҚК облыстық департаменті Шекаралық қызметінің 9 бөлім­ше­сі сигналдық кешенмен жабдықталды, 6 бақылау мұнарасы орнатылып, 14 қызметкерден тұратын таулы аймақтарда жұмыс істейтін барлау және іздестіру тобы ұйымдастырылды. Жиын барысында мемлекеттік шекараны нығайту, құқық қорғау және арнайы органдарды үйлестіру мен өзара әрекеттесуін жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Кеңестің қорытындысы бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер мен шаралар анықталып, оларды орындау үшін уәкілетті органдарға жолданды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі