Отбасының беріктігіне тұтас қоғам жауапты
«Отан отбасынан басталады» деп білген халқымыз үшін ежелден-ақ жанұя, шаңырақ ұғымдары үлкен мәнге ие. Ата-ана, ата-әже, аға-бауыр сынды туыс-тума атаулары жай ғана бір статус емес, қазақ үшін үлкен мән мен бағаға ие болған. Сондықтан да дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жас баланың тәлім-тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген.
Жалпы отбасындағы тәрбие дәстүрлі қазақ ұғымында ата-әже тәрбиесімен байланысты. Оған дәлел – ұлы Абайдың Зере әжесінен, батыр Бауыржан Момышұлының әжесі Қызтумастан тәлім алуы. Құнанбайдың ұлы Абайдың тағылымды жолы мен болмысының қалыптасуына еткен ықпалы баршаға аян. Жастайынан білімге сусындатып, ерте бастан ел басқару ісіне, ата жолына араластырып баулуы – қазақ болмысындағы әке тәрбиесінің жарқын үлгісі іспеттес. Сондай-ақ қыз бала тәрбиесінде әжелер де айрықша рөл атқарған. Әжелер институты, ақсақалдар алқасы отбасы тәрбиесінде үлкен рөл атқарған. Жетімі мен жесірін жылатпаған халқымыз ешкімді де тағдырдың талқысына тастамаған. Әмеңгерлік сынды бүгінде ұмыт болған ғұрыптар осыны айғақтаса керек.
Десек те, бұл мәселеде де әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Елімізде жылына 140 мыңға жуық неке тіркелсе, соның 50 мыңға жуығы бұзылады екен. Ал мұның басында кейде қаржылық мәселелер тұрса, енді бірде көзқарас айырмашылығы мен түсініспеушілік негізгі себеп болады екен.
Сонымен қатар бүгінгі күннің өзекті мәселесінің қатарында келін мен ене арасындағы дау-дамай мен кикілжің де бар. Жас келінді күңіндей көретін ене мен «енеммен бірге тұрғым келмейді» дейтін келін арасындағы дау қоғамның дертіне айналған.
Қазіргі қоғамдағы жастар мен алдыңғы аға буын, үлкендердің көзқарас айырмашылығы да өзекті түйткіл екені сөзсіз. Осы орайда отбасындағы кейбір мәселелер мен оның себептері туралы облыстық ата-аналар кеңесінің мүшесі Ринат Нұрақбаевты сөзге тартып көрген едік.
Иә, кіші Отан – Отбасымыз бақытты, іргесі берік болуы үшін әр адам өзіне жауапкершілік алып, міндетін мүлтіксіз орындауға күш салуы тиіс деп білеміз.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ,
Тараз қаласы