Әлеумет

Сиыр сауып, сүт сатқан қайсар ана

Бүгінде еңбек етемін, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрі көп. Әсіресе ауылдық жерлерде табыс табудың жолын іздегендерге грант, кәсіптік негізде, кәсіпкерлік бағытта оқыту, субсидияланған жұмыс орындарын ұсыну секілді мүмкіндіктер жасалуда.

Меркі ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Аудан бойынша 2025 жылы еңбекке жарамды мүгедектігі бар 1 680 адам тіркелген екен. Оның ішінде 419-ы тұрақты жұмыспен қамтылса, 3 адам кәсіптік оқытуға жіберіліпті. Субсидияланатын жұмыс орындары арқылы да бірқатар азамат еңбекке араласуда. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 адам жіберілсе, «Жастар тәжірибесі» бойынша 3 адам еңбек жолын бастаған. Ақылы қоғамдық жұмысқа – 21, «Алғашқы жұмыс орнына» – 2, «Күміс жас» жобасына 4 адам тартылған. «Бастау бизнес» жобасы аясында 52 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқып, 19-ы қайтарымсыз грант иегері атанған екен. Аудандық мансап орталығы арқылы қайтарымсыз қаржы алғандардың ішінде Меркі ауданы, Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары да бар.

Негізінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант көлемі көп болмаса да ауылдағы ағайынның қол қусырып қарап отырмай, бір іспен айналысуына үлкен демеу болып отырғаны шындық. Бала күтімімен үйде отырған кейіпкеріміз үшін бұл өз кәсібін бастап, аз да болса адал еңбекпен табыс табуына айтарлықтай ықпал етуде. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған С.Дүйсебай мемлекет көрсеткен осындай қолдаудың игілігін көріп отырғанына риза екенін айтады. 2022 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіптік оқудан өткен оған оқу барысында бизнес-тренерлер кәсіптің қыр-сырын үйретіп, есеп-қисап жүргізуді, қаржыны қалай жұмсауды, жоба жасап, нарықты зерттеуді меңгертіпті.

Курсты аяқтаған соң қолына сертификат алған болашақ кәсіпкер бірнеше рет қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, бағы жанбаған. Дегенмен табандылық танытып, құжатқа, басқаға қатысты талаптарды бұлжытпай орындап, жобасын комиссия алдында сәтті қорғапты. Осылайша былтыр 1 миллион 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алған. Қаражатты ойға алған ісін жүзеге асыру үшін 3 сауынды сиыр сатып алуға жұмсаған.

Қара күзде күйеуі малын бағып жүрген шаруашылық құмдағы қыстауға көшкен екен. Өмірлік серігі төрт сиырды шаруашылықтың малына қосып, өзімен бірге ала кеткен көрінеді. Қазір малдың қыстан аман шығуын күтіп отыр. Көктем шыға сиырлар бұзауласа, малды қайтадан қолда ұстап, оны сауып, кәсібін жандандыра түспек. Салтанаттың есебі бойынша, төрт сиырдан ерте көктемнен қара күзге дейін айына 500 мың теңгеге дейін табыс табуға болады екен.

Ерекше қажеттілігі бар баланың күтушісі бола жүріп табыс көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған меркілік қайсар ана үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Ең бастысы, ол ауылда отырып-ақ адал еңбекпен күн көруге болатынын дәлелдеп, көпке үлгі болып келеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Меркі ауданы