Суайдындардағы қауіпсіздік – басты назарда
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Валихан Валиев пен департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Айгүл Шахабаеваның қатысуымен брифинг өтті. Баяндамашылар су басу қаупінің алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері және Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні мерекесінің мән-маңызы туралы айтты.
Жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының шақыруы бойынша 1 наурызда Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні атап өтіледі. Мереке табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу ісіндегі елдердің күш-жігерін үйлестіруге, халықты, АҚ қызметтерін ықтимал экстремалды жағдайларға дайындауға бағытталған және белгілі бір ұранмен өтетінін атап өткен жөн. Биыл «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен өтеді.
Брифингте Айгүл Қуатқызы «Көктемгі кезеңдегі қауіпсіздік: су басу қаупінің алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметі бойынша, облыс аумағында ауа райы жағдайына жүргізілген көп жылғы мониторинг деректеріне сәйкес, жердің қату деңгейі Тараз қаласында 12 – сантиметр, Қордай ауданында – 30 сантиметр.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне төтенше жағдайларды жою үшін 1927 адам, 485 техника, 132 су айдау құралы, күштер мен құралдар топтамасы үнемі дайындықта тұр. Төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, яғни 290 инженерлік техника, 25 зардап шеккен халықты эвакуациялауға арналған техника және 964 жеке құрам дайындалыпты.
Қазіргі уақытта облыстың өзендерінде су деңгейі тұрақты және күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Сымбат ҚУАНЫШ