Таза Қазақстан

Тазалық акциясы жалғасуда

Жақында Тараз қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының маңызы мен мәнін дәріптеуге арналған келелі кездесу өтті. Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған басқосуға танымал блогерлер – Құралай Бикенова, Диана Надыралиева, Ұлзада Сүлейменова, Азамат Нұрлан, Динара Берекеева, Мөлдір Дәулетқұл, Дархан Байпақ, Еркебұлан Спабек және белсенді жастар, еріктілер қатысты.

«Экология IQ: жасыл болашақ үшін» атты интеллектуалдық баттл форматында өткен кездесудің түпкі мақсаты – экологиялық мәдениетті дамыту және табиғат ананы қорғау дағдысын қалыптастыру.

Кездесу аясында жекелеген сайыстар ұйымдастырылды. Экология тақырыбындағы ұшқыр сұрақтарға жедел жауаптар қайтарылып, пайдалы кейстер ортаға салынды. Сондай-ақ «Шындық па, әлде фейк пе?» викторинасында визуалды тапсырмалар арқылы қатысушылардың танымы сарапқа салынды.

Жиында сонымен бірге қатысушыларға облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ақерке Кырғызбаева еліміздегі экологиялық ахуал, табиғатқа немқұрайды қараудың салдары, қоқысты сұрыптау, жасыл аймақтарды көбейту бойынша лекция оқыды.

Ал Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек экологиялық мәдениет әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталатынын жеткізді.

Ұйымдастырушылардың пайымынша, мұндай кездесулер туған өлкесінің табиғатына бейжай қарамайтын тұрғындардың басын біріктіріп, экологиялық сананы жаңғыртуға тәрбиелейді.

Дәл осы күні Шу қалалық жастар ресурстық орталығында «EcoQuiz: Таза Қазақстан» атты командалық ойын «quiz/brainring» форматында ұйымдастырылып, онда Қазақстан экологиясын сақтаудың өзектілігі сөз болды. Командалар түрлі фактілер мен мифтерді талдап, логикалық есептер шығарды және блиц-раундтардан өтті. Жиында орталық басшысы Ғани Қойбағаров, блогерлер мен белсенділер – Нұрзат Қилыбай, Досжан Тәліп, Әсем Аралбек, Ерасыл Жамшыбай сөз сөйлеп, орамды ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында да «Экология үшін ең үздік идеялар» ұранымен «Жасыл аймақ» эко-симуляциялық ойыны ұйымдастырылды.

Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен қолға алынған жалпыұлттық экологиялық акцияға әулиеаталық жастар да үлкен үлес қосуда.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ