Әлеумет

Жүк көлігін жүрексінбей жүргізеді

Заман жаңарған сайын кәсіп пен уақыт талабына сай мамандықтар өзгеріп отырады. Бірі пайда болып, бірі ұмыт қалып жатыр. Алайда қанша жыл өтсе де жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс бәсеңдеген емес. Қоғамның күнделікті тіршілігі еңбек адамдарының маңдай терімен жалғасып келеді. Сондықтан олардың орны әрдайым қадірлі.

Еңбегімен еліне сыйлы жандардың бірі ауыр техниканың тілін тапқан қордайлық Жақсылық Мадыбаев. Ол еңбекке ерте араласып, темірдің қыр-сырын жастайынан меңгерген. Бүгінде кез келген техниканың ақауын дәл тауып, қайта іске қосу оған үйреншікті жұмыс.

Жақсылық Талғатұлы –Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылының тумасы. Ол мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ, ауыр техникаларды меңгеруге күш салды. Жас кезінде оны жүргізуші болсам деген арманы кәсіби жолда үнемі алға жетелеп отырды. Бүгінде ол маман ретінде өзі өз ұжымының мақтанышына айналған.

Еңбек жолын 2009 жылы «Сұлутөр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі болып бастап, 2019 жылға дейін тәжірибе жинады. Ал 2023 жылдан бері аталған аудан әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жүк көлігінің жүргізушісі болып жүр. Оның негізгі міндеттеріне құрылыс алаңдарына материалдарды уақытында жеткізіп, ауыр техникалармен жұмыс жүргізу кіреді. Осылайша ол тәжірибесін арттырып, өзінің жұмысын шебер орындауға қол жеткізді.

Жақсылық Талғатұлының жұмысы жүк көлігін жүргізумен шектелмейді. Ол өз қызметінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтайды. Сонымен қатар әрбір сапар алдында, көліктің техникалық жағдайын тексеріп, маршрутын алдын ала жоспарлайды. Бұл оның кәсіби шеберлігінің бір бөлігі. Жұмыстағы қиындықтар, әсіресе ағымдағы ауа райы, жол жағдайлары – кейіпкеріміз үшін ерекше сынақ. Бірақ ол әрдайым оң көзқарас танытып, алдындағы міндетті абыроймен атқаруға тырысады. Оның шыдамдылығы мен еңбексүйгіштігі жұмыс нәтижесінде көрініс табады.

Жақсылық Мадыбаев сияқты еңбекқор адамдардың еңбегін мақтан тұтып, қоғамда кәсіби мамандарға ерекше көңіл бөлінсе, Отанымыздың дамуы мен гүлденуіне зор серпін беретіні сөзсіз. Еліміздегі өндіріс пен қызмет көрсету секторындағы сапаны арттырудың, өңірлерді дамыту мен еңбек адамдарын жігерлендірудің бір қадамы осы деп білеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ