Жиһаз өндірісі – табысты кәсіп
Кез келген адамның тәуір табыс тауып, тұрмысын түзеуді қалайтыны рас. Еткен еңбегіңнің өтеуі отбасыңды асырап, артық ақша жинауға мүмкіндік берсе, қанекей? Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда жан қинамай, жоқ жерден оңай олжаға кенелгісі келетіндер ел ішінде кездеседі. Алайда, тұрақты әрі мол табысқа жеткізетін жолдың негізі адал еңбек пен табандылықта жатқанын ұмытпауымыз керек. Әрекет еткен жерде ғана береке бар. Сондықтан өз қабілетіңді бағалап, соған сай іс бастаудың маңызы зор. Кішкентай қадамның өзі үлкен нәтижеге бастайды. Осы тұрғыдан алғанда кәсіпкер Данияр Мұрбековтің еңбегі көпке үлгі. Ол жиһаз жасайтын жеке цех ашып, сапалы өнім шығаруды жолға қойған.
Бүгінде ешбір үйді, тіпті кез келген мекемені жиһазсыз елестету қиын. Жиһаз –тұрмыстық қажеттілікпен қатар үйдің көркін келтіріп, жайлылық пен жылылық сыйлайтын маңызды бұйым. Оған сұраныстың артуы жиһаз өндіру саласының қарқынды дамуына жол ашып отыр. Қолынан іс келетін кәсіпкерлер бұл бағыттың өркендеуі халыққа да пайдалы екенін айтады. Себебі мұндай өндіріс орындары бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына серпін береді. Бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Жорабекұлы – осындай бастамашыл жандардың бірі.
Іскер азамат – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің түлегі. Оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіпкерлік жолға түсуді нарықты жан-жақты зерттегеннен кейін таңдаған. Өнімнің өзіндік құнын есептеу, тұтынушы сұранысын дәл бағалау сияқты дағдыларды ерте меңгеруі оның кәсібін нық қалыптастыруына негіз болған. Жоспарлы әрекет пен табандылықтың арқасында ол өз идеясын нақты іске айналдыра алды. Тәуекелден қорықпаған жігіт «Жамбыл жиһаз фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, өңірдегі өндіріс саласының дамуына үлес қосып келеді. Кәсіпорын заманауи жұмсақ әрі корпустық жиһаздар шығарып қана қоймай, ескі бұйымдарды жаңғырту қызметін де ұсынады. Фабрика өнімдері сапасы мен дизайны жағынан тұрғындардың көңілінен шығып, жергілікті нарықта тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Жерлес кәсіпкердің зауытынан шыққан қолөнер бұйымдары отандық өндірістің беделін арттыруға ықпал етуде.
Бір қызығы, цех жұмысын табысты дөңгелетіп отырған Данияр әуелгіде өмірлік жолын жиһаз өндірісінен табамын деп тіпті ойламаған. Кәсіпкерлік саласындағы бүгінгі жетістігі – ізденіс пен тәуекелдің жемісі.

Негізі дамыған өндіріс орнын, кәсіпорынды көргенде «Бұл нысан мемлекет қолдауы, несие қаражаты арқылы ашылған болар» деп ойлайтынымыз жасырын емес. Алайда зауыт бұл қағиданы түбегейлі жоққа шығарады. «Жамбыл жиһаз фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ешқандай несиесіз немесе дайын капиталсыз іске қосылған, тек қажырлы еңбек пен отандық бренд қалыптастыруға деген шынайы құлшыныстың арқасында пайда болған кәсіпорын. Данияр серіктесімен бірге фабрика құрылысын бастағанда қолында не дайын капиталы, жеңілдетілген несиесі, еш мемлекеттік гранты болмапты. Соған қарамастан жүрек түкпіріндегі «Отандық бренд қалыптастырсақ» деген асқақ арманы мен үлкен сенімі алға жетелеген.
Бүгінгі таңда отандық өндірістің тынысы кеңейіп, жергілікті өнімге деген сұраныс артып келеді. Осы орайда, сапаны басты бағдар еткен кәсіпорынның жұмысы ерекше атап өтуге лайық. Өндіріс ошағы өз жұмысында отандық және шетелдік жетекші өндірушілердің материалдарын ұтымды үйлестіріп, жоғары стандарттарға сай өнім шығаруды басты назарда ұстайды. Технологиялық процесс заманауи тігін машиналарымен, дәлдігі жоғары аралау станоктарымен, қуатты компрессорлармен және дәнекерлеу жабдықтарымен толық қамтылған. Десе де, кәсіпорын басшылығы кез келген күрделі темірді тірілтетін қол еңбегі, жұмысшы мамандар екенін жақсы түсінеді. Осы ұстаныммен жүретін зауытта білікті кадрлардың еңбегіне басымдық берілген. Кәсіпкер осы тұста Евгений, Станислав, Шавкат, Азиз және Лена сынды үздік шеберлердің еңбегін айрықша атап өтті.
Кәсіпорынның сенімді серіктес ретіндегі беделі оның атқарған ауқымды жобаларынан анық көрінеді. Өндірістің алғашқы ірі жетістіктерінің бірі ретінде өңірдегі үш бірдей «Келешек мектептері» жобасы аясындағы білім ошақтарын жұмсақ жиһазбен қамтамасыз етуін айтуға болады. Бүгінде серіктестік аясы білім беру саласымен шектелмейді, кәсіпорын дәмханалармен, мейрамханалармен, қонақүйлермен және ойын-сауық орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар Тараз қаласы мен өзге де аймақтардың тұрғындарынан түсетін жеке тапсырыстарды орындау арқылы халықтың ықыласына бөленіп отыр.
Серіктестің бизнес нарықтағы алар орны да ерекше. Олар қаладағы ірі құрылыс алпауыттарын жиһазбен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі өзге де жиһаз және матрас шығаратын өндіріс орындарымен тізе қоса жұмыс істеп келеді. Мұндай ортақ одақ құру – аймақтың экономикалық қауқарын арттырып, нарықтағы баға мен сапа бәсекесінде алға шығуға үлкен септігін тигізеді. Бірлесе әрекет ету арқылы жергілікті өнімнің беделін биіктетіп, тұтынушы сенімін нығайта түспек. Осыдан да клиенттермен кері байланыс орнату кәсіпорын саясатының ажырамас бөлігіне айналған. Әрбір тұтынушының пікірі мен ұсынысы мұқият ескеріліп, қызмет көрсету сапасы үнемі жетілдіріліп отырады. Өнімге берілетін бір жылдық кепілдік пен сол мерзім ішіндегі тегін жөндеу жұмыстары өндірушінің өз сапасына деген сенімділігін айғақтайды. Тұрақты тұтынушылар үшін қарастырылған жеңілдіктер жүйесі де лоялдылықты нығайтуға бағытталған. Ал кәсіпорынның өнімдерін қала дүкендері мен арнайы көрме залынан (шоурум) көруге болады, бұл сатып алушылардың таңдау жасауына барынша қолайлы жағдай туғызады.
Сонымен қатар өндіріс ошағы тек табыс табуды ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті де биік қояды. Бүгінде кәсіпорын қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру мен сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы маңызды әлеуметтік жобаға белсене атсалысуда. Оларға жаңа кәсіп үйретіп, тұрақты жұмыспен қамту арқылы қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына зор мүмкіндік сыйлауда.
«Жамбыл жиһаз фабрикасы» ЖШС дивандар, пуфиктар, кереуеттер мен үстелдер өндірісімен айналысады. Тікелей өндіруші болғандықтан, нарықтағы бағалары тұтынушылар үшін өте қолжетімді.
Зауыттың бүгінгі таңда бағындырған биіктері мен жетістіктері де аз емес. Кәсіпорынның іскерлік беделі мен сапалы жұмысы жоғары деңгейде мойындалып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Muz Zone» телеарнасы тарапынан берілген арнайы алғыс хаттармен айшықталған. Бұл марапаттар – атқарылған адал еңбектің лайықты бағасы ғана емес, сенімнің де белгісі.
Өндіріс орнының алға қойған жоспарлары да ауқымды. Кәсіпорын Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды секілді өндірісті өңірлермен қатар, Астана мен Алматы қалаларында өз филиалдарын ашуды көздеп отыр. Кәсіпкер алдағы онжылдықта фабриканы озық технологиялармен жарақтанған ірі өндіріс алыбына айналдырарына сенеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ