Ауылшаруашылығына серпін берген жоба
«Елде болса, ерінге тиеді» дейді қазақ. Ертелі-кеш күйбең тірліктің соңында жүретін ауылдағы ағайын шаруасын ойдағыдай дөңгелетер болса, оның шарапаты бүкіл елге тиетіні анық. Негізінде ауылдықтардың қолындағы негізгі «көзірі» мал мен жер болғандықтан бір кездері олардың да тірлігін әртараптандыруға баса назар аударылды. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» жобасы қолданысқа еніп, ел еңсесін тіктей бастады.
ҚОЛДАУ КЕҢ КӨЛЕМДЕ КӨРСЕТІЛУДЕ
Атап айтқанда, осы жобаға қатысқан ауыл тұрғындарының бірі үй іргесіндегі жерін қараусыз қалдырмай, оған көкөніс егіп, бау-бақшаға айналдырса, тағы бірі малшаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген несие алу арқылы төрт түліктің санын көбейтуде. Ауыл сыртындағы жерлерді игеруге де барынша қолдау көрсетіліп, диханшылыққа түбегейлі бет бұрғандардың да саны артты. Шаруаға ден қойғандар кооперативке бірігу арқылы ортақ мүддеге қол жеткізуде тізе қоса қимылдаса, енді бірі өз кәсібін ашып, ауылда шағын цехтар көбейе бастады. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, 2024-2025 жылдары айналым қаражаты (револьверлік қаражат) есебінен 12,8 миллиард теңгеге 1936 жоба қаржыландырылыпты. Бұрнағы жылы аталған жоба аясында 8,7 миллиард теңгеге 1369 жоба жүзеге асырылған екен. Оның ішінде үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, яғни бірінші бағыт бойынша 44,5 миллион теңгеге 6 жоба қаржыландырылған. Екінші – малшаруашылығын дамыту бағыты аясында 7 323,2 миллион теңгеге 1188 жоба іске асқан. Үшінші – ауыл сыртындағы жерді игеру бағыты шеңберінде 116,4 миллион теңгеге 6 жоба қолдау тапқан. Ал ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына, яғни бесінші бағытқа 1 275,0 миллион теңге бөлініп, 169 жоба жүзеге асыпты. Бұл жұмыстар өткен жылы да жалғасын тауып, 4,1 миллиард теңгеге 567 жоба қаржыландырылған. Бірінші бағыт бойынша 298,5 миллион теңгеге 41 жоба іске қосылған. Екінші бағытқа 301,4 миллион теңге бөлініп, 48 жоба жүзеге асқан. Ауылшаруашылығы кооперативтерін техникамен жабдықтауға қатысты төртінші бағыт бойынша 60 миллион теңгеге 2 жоба қолдау тауыпты. Бесінші бағыт аясында 3 426,5 миллион теңгеге 476 жоба қаржыландырылған. Бұдан бөлек 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жобаның төртінші бағыты – ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникамен жабдықтау бойынша қосымша 1,4 миллиард теңгеге 60 жоба қаржыландырылған екен. Нәтижесінде 10,1 мың бас мал сатып алынып, жылыжай салу бойынша 44 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ 631 бизнес-жоба іске қосылып, жалпы бір мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылыпты.
Қазіргі уақытта аудан әкімдіктері мен облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасына «AMANAT» партиясының облыс бойынша жобалық кеңсе үйлестірушімен бірлесіп, бірқатар нақты міндеттерді жүзеге асыру жүктеліптті. Нақты айтқанда, жауаптылар аудан деңгейінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша айқындалған басым бағыттарға қай елді мекендердің сәйкес келетінін қарап, сол бойынша жинақталған талдамалық ақпаратты шұғыл түрде ұсыну қажет. Сонымен қатар аудандардың даму жоспарларына енгізу үшін жобалардың нақты тізбесін жасап, оларды іске асыру барысында қол жеткізілетін нысаналы көрсеткіштер мен индикаторларды айқындап, бекіту тапсырылып отыр. Бұл әр жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтиже беретіндей етіп жоспарлануы үшін қажет көрінеді.
КООПЕРАТИВТЕРДІҢ ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Жалпы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы мемлекеттік бағдарлама болғаннан кейін «AMANAT» партиясы аталған жобаның орындалуына қоғамдық-саяси бақылау жасайтыны белгілі. Жобаның маңыздылығын халық арасында түсіндіріп, оның іске асуына мониторинг жүргізеді. Негізінен партия жанынан арнайы құрылған жобалық кеңселер аймақтардағы жұмысты үйлестірумен айналысады. Осы ретте біз Қазақстан Республикасы Үкіметі және «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесінің облыстық үйлестірушісі Айман Ақынбековамен тілдескен едік. Оның сөзіне сүйенсек, Әулиеата өңірінде кооперативтік жобаларды іске асыру және жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту жұмысы қарқынды жүруде.
Биыл «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесі «Ауыл аманаты» жобасын жүйелі түрде жүргізу және оны нығайту мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық шараларын жүргізіпті. Сол үшін партия филиалдарының төрағалары, экономика және бюджеттік жоспарлау, ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары, аудан әкімдерінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, тиісті бөлім жетекшілері, сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілдері бірігіп, «WhatsApp» мессенджерінде арнайы чат ашылыпты. Бұл чат арқылы 152 ауылдық округтен скрининг кестелер жедел түрде жинақталған. Яғни, әр ауылдық округ өзінің жағдайын, басым бағыттарын және қажетті мәліметтерін осындай форматта жіберген екен. Ауданның жергілікті атқарушы органдары алынған ақпаратты қарап, талдап, ауылшаруашылығы саласындағы жергілікті уәкілетті органмен келісім жасайтын көрінеді. Осыдан кейін олар барлық мәліметті жинақтап, талдамалық ақпарат ретінде дайындамақ. Соңында бұл ақпарат аудан әкімінің қолтаңбасымен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынылады екен. Скрининг деректерін жүйелеу үшін «AMANAT» партиясының өңірлік даму жобалық кеңсесі арнайы бірыңғай талдамалық шаблон әзірлепті. Бұл шаблонда экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұсыныстары да ескеріліпті. Дайындалған бірыңғай формат аудандарға жолданған. Соның арқасында әр ауылдық округ мәліметтерін бірдей жүйеде енгізіп, талдау жұмыстары жеңілдеген. Бұл тәсіл жобаның тиімді орындалуына, деректердің дәлдігі мен ашықтығына септігін тигізіп жатқан сыңайлы.
ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ
Десе де кооператив құру ісінде оның жұмысын дамытуға қажетті бірқатар мәселе бар. Скрининг нәтижесінде айқындалған сүт бағытындағы кооперативтердің кемінде 10 мүшесіне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аспайтын жеңілдетілген несие беру талабын орындау басты мақсаттың бірі. Асыл тұқымды ірі қара малдың бағасы жоғары және өңірде сатылым шектеулі. Одан бөлек, тасымалдау шығындары мен жеке қосалқы шаруашылықтар кепілдік сомасының төмендігін ескере отырып, тауарлық сүтті ірі қара малды сатып алу жолдарын қарастырса іс оңға баспақ. Кооперативтік жобаға кемінде 30 пайыз жеке қосалқы шаруашылық тарту талабын ескере отырып, кооперативке тартылатын жеке қосалқы шаруашылықтар санын есепке алу мақсатында жобалар мен тәуекелдерді басқаруда қолданылатын «битриск» кестесі жинақталуы қажет көрінеді.
Осы ретте облыстың түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқан жоба бойынша нақты бір ауданның жұмысына қысқаша тоқталсақ артық болмас. Мысалы, ауылшаруашылық саласына арқа сүйеген ауданның бірі – Талас ауданы. Мұнда халықтың басым бөлігі мал өсіруге ден қойса, қазіргі уақытта ауданда сала ісі әртараптандырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Соңғы жылдары ауданда ауылдағы ағайынмен қоса Қаратау қаласы халқының табысын арттыруға, тұрғындарды кәсіпке тартуға бағытталған нақты жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Соның арқасында бақытын ауылшаруашылық саласынан іздеген жұртшылық өнім өңдеу ісіне, қызмет көрсету саласына, шағын өндіріс ашуға бет бұра бастапты. Осындай бастамаларға дем берген бірегей тетіктің бірі – нақ осы «Ауыл аманаты» жобасы. Жоба аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беріліп, жұртшылықтың өз кәсібін ашуға немесе қолда бар шаруасын кеңейтуге мүмкіндік жасалуда.
Аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2023 жылғы 20 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына басымдық беріліп, «Ауыл аманаты» жобасының рәтін таластықтар да көре бастаған. Осы құжат негізінде 2025 жылға жалпы сомасы 311 миллион 900 мың теңгеге 44 кәсіпкерлік бастама қаржыландырылыпты.

Қаратау қаласында жобаның шарапатын көріп отырған кәсіп иесінің бірі – Гүлім Балықбаева. Ол 2021 жылы тігін цехін ашқан екен. Бұрнағы жылы кәсіп аясын кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мемлекет қолдауының арқасында 4,5 миллион теңгеге ие болған. Бүгінде аталған тігін цехында төрт адам еңбек етуде. Тігіншілер түскен тапсырысқа қарай айына 150 мың теңгеге дейін табыс табатын көрінеді. Цех негізінен ерлер мен әйелдерге арналған қазақша киім, биші өнерпаздарға арналған көйлек, мектеп бітіруші түлектерге киім тігу бағытында жұмыс істеп тұр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ