Бас редакторлыққа дейінгі баспалдақ
Есет Досалы жазу-сызуға бала күнінен бейім еді. Білуімізше, өзі туып-өскен Талас ауданының төл басылымы – «Талас тынысы» газеті оның шағын мақалаларын, өлеңдерін оқушы кезінде жариялаған екен. Ешкім жетелемей-ақ, өзіне-өзі шы¬ғармашылық ор¬та қалыптастырған әріптесіміз Ойық ауылында жүріп атын оқырманға аудандық газет арқылы танытқан.
Есет Жаңабайұлы 2007 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Филология» мамандығы бойынша бітірген. Шығармашылыққа жаны жақын болған соң еңбек жолын Ойық ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектепте әдебиет үйірмесінің жетекшісі болып бастайды. Әйтсе де оған 2005 жылы облыстық «AR-AI» жастар газетіне тілші болып жұмысқа тұру бақыты бұйырады. Жастар газетінде жүріп редакцияға мықтап орныққан Есет Досалы журналист ретінде қалыптасып, қаламын қатайтты, бөлім меңгерушісі болып та қызмет етті. Басылымның сол кездегі бас редакторы Болат Бекжанов, қарымды қаламгер Әлдихан Қалдыбаев секілді өзге де алдыңғы толқын ағалардан үйренгені көп болды. Арада он жыл өткенде облыстық «AQ JOL» газетіне тілші болып жұмысқа орналасты. Мұнда да абыройлы еңбек етіп, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аға тілші ретінде аянбай тер төкті. Шағын ақпараттан бастап жұрт назар аударарлық мәселелерге дейін қозғау салған ол шығармашылық әлеуетін газет жұмысынан бөлек, айтыста шәкірт тәрбиелеу, кітап шығару ісіне де арнады.
Талай қабырғалы қаламгерлер шыққан қара шаңырақта жүріп ысылған Есет Досалы күні кеше Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Есет Досалыны жаңа қызметке тағайындау барысында аудан әкімі Ермек Кәрентаев пен аймақтық бас редакторлар кеңесінің төрағасы, газет құрылтайшысы Ғалым Қасабай зор сенім білдірді. Облыстық басылымдардың қазанында қайнаған, әр жылдардағы бас редакторлардың тәлімін алған Есет Досалының бұл қызметті де абыроймен атқаратынына сенеміз! «AR-AI»-дан түлеп ұшқан әріптесімізге сәттілік тілейміз!