Кемел келешектің айқын бағдары
Жақында Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінде маңызды кездесу өтті. Басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, өңірлік Жалпыұлттық Коалиция мүшесі Гулам Умаров және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысып, оқытушылар мен студенттер құрамымен пікір алмасты.
Жиында сөз алған спикерлер Жаңа Конституцияның мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мүдделерін көздейтін стратегиялық құжат екенін ерекше атап өтті. Құжатта әсіресе білім беру саласы мен жастардың жан-жақты дамуына басымдық берілген. Жаңа конституциялық модель экономикалық өсімді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, негізгі қозғаушы күш ретінде адами капиталды – білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны алға шығарады. Мемлекет ғылыми және шығармашылық еркіндікке кепілдік бере отырып, идеялардың ашықтығы арқылы прогреске жол ашуды көздейді.
Мұқаш Ескендіров мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім беру жүйесіндегі теңдік қағидаты білімге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етіп, даму кеңістігін идеологиялық қысымнан қорғайтынын ерекше атап өтті.
Әбутәліп Мүтәлі Жаңа Конституциядағы маңызды бағыттардың бірі – цифрландыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы енгізіледі.
Дауыл Бейсенқұлов жаңа Ата Заң жобасында білімді елдің басты құндылығына айналдыру арқылы жастар үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Жыл сайын 80 мыңға жуық студенттік грант бөлінуі, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жоғары стипендиялар тағайындау және әлемнің үздік зертханаларында тағылымдамадан өту мүмкіндігі жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға жол ашады.
Басқосуда өңірлік Жалпыұлттық Коалиция мүшесі Гулам Умаров та сөз сөйлеп, маңызды мәселелер бойынша ойын ортаға салды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ