Бас мүфти кәсіпкерлерді рамазан айында азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды
ҚМДБ төрағасы барша азаматтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырды, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел азаматтарын қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтады. Ол оразаны жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік беретін қасиетті ай деп атады.
Сонымен қатар, ол азаматтарды ҚМДБ ұйымдастыратын қайырымдылық шараларына үлес қосуға шақырып, кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге жеңілдік жасауға үндеді. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну және дүкендерде алкоголь өнімдерін сатпау да сауапты іс болып саналады.
Бас мүфти барша қазақстандықтарға сауабы мол, берекелі Рамазан тілеп, елдің амандығы мен тыныштығын, тәуелсіздіктің баянды болуын қалады.