Жаңалықтар

Жамбылда мерзімді әскери қызметші соққыға жығылды: төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылды

Гвардейск гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызмет сарбазына дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқиғаға байланысты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру ұйымдастырылды. Тексеру қорытындысы бойынша кадрлық шешімдер қабылданды.

Атап айтқанда, әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды.

Сонымен қатар, әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына «қызметіне толық сәйкес емес» деген ескерту жарияланды. Бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды.

Құзырлы органдар қабылданған шаралар атқарып отырған лауазымына қарамастан, дербес және бұлтартпас жауапкершілік қағидатының сақталатынын атап өтті. Барлық мән-жайға түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша беріледі.