Отбасы институтын нығайтудың тетігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету керектігін айтқан еді. Президент тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне, азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында еліміздің барлық облысында отбасын қолдау орталықтары ашылды.
Бауыржан Момышұлы ауылында 2024 жылдың қазан айында ашылған отбасын қолдау орталығы да бүгінде тұрғындарға жан-жақты әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, көптеген отбасылардың өміріне оң әсерін тигізген.
Орталық мамандары отбасылық қарым-қатынасты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-ана мен бала арасындағы түсіністікті жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Мекемені ұзақ жыл әлеуметтік салада қызмет атқарған тәжірибелі маман Жәмила Қалымбетова басқарады.

Орталықта FSM Social цифрлық платформасы жұмыс істейді. Осы бағдарлама арқылы орталықтың қызметкерлері түскен өтініштерді тіркеп, керек бөлімдерге жіберіп отырады.
Отбасын қолдау орталығы жұмысының тағы бір маңызды бағыты – алдын алу жұмыстары. Мектептермен, ауылдық округ әкімдігімен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ерте жастағы жүктіліктің, ажырасудың, отбасындағы жанжалдардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тәрбие сағаттары, «дөңгелек үстелдер», семинарлар мен кездесулер ауыл тұрғындарының әлеуметтік сауаттылығын арттыруға септігін тигізуде.
Орталыққа жүгінген тұрғындардың айтуынша, мұндағы мамандар әрбір мәселені жеке қарап, түсіністікпен қарайды. Оларға тек кеңес беріп қана қоймай, қиын сәтте моральдық қолдау көрсетіп отырады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты көрінісі саналатын бұл орталық – отбасы институтын нығайтудың тиімді тетігі. Алдағы уақытта орталық қызметінің аясын кеңейтіп, жастармен жұмыс, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жобаларды көбейту жоспарланып отыр.
Баян ОРАЗБАЕВА,
журналист,
Жуалы ауданы