Әлеумет

Қолайлы орта қалыптастырылуда

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар мүгедектігі бар азаматтардың өмірін жеңілдетіп, қоғамда белсенді болуына мол мүмкіндіктер береді.

Меркі ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Төлебаевтың айтуынша, ауданда халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасыларға барынша әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, үйде оқитын балаларға да тиісті қолдаулар көрсетілген. Былтыр үйде білім алатын 77 баланың шығынын өтеу үшін жергілікті бюджеттен 5 миллион 309 мың теңге төленіпті. Бұл төлем ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындалған екен.

Сонымен қатар жеке көмекші қызметіне де сұраныс жоғары. Жыл басынан бері 95 өтініш қабылданған. Олардың қызметі үшін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 93 миллион 876 мың теңге төленген. Бұл қаражат қызмет алушылардың қажеттілігін өтеуге бағытталған.

Ал есту қабілеті төмен азаматтарға ымдау тілі мамандары қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мұндай көмекке мұқтаж 39 азамат тіркелсе, оларға 6 ымдау тілі маманы қызмет көрсетуде. Осы бағытта жергілікті бюджеттен 13 миллион 95 мың теңге, ал жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 5 миллион 915 мың теңге қарастырылыпты.

Жеке оңалту бағдарламасы денсаулығына байланысты арнайы ем-дом мен қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілетін қолдау түрі екені баршаға мәлім. Аталған бағдарлама аясында жартылай стационарлық жағдайда қызмет алу үшін өткен жылы 121 өтініш қабылданыпты. Осы өтініштердің нәтижесінде 12 мүгедектігі бар азамат пен 74 зейнеткер облыстағы оңалту орталығына жолданған. Ол жерде қызмет алушылар дәрігерлік тексеруден өтіп, физиотерапия, емдік денешынықтыру, массаж сияқты ем-шаралар қабылдаған. Соның арқасында қызмет алушылар денсаулығын түзеп, қозғалыс белсенділігін арттыруға мүмкіндік алған. Сонымен қатар 21 бала аудандағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығына жіберіліпті. Ал 18 жастан асқан 14 азамат ересектерге арналған оңалту және бейімдеу орталығына жіберіліп, қажетті қызметтерді алған.

Биыл да әлеуметтік қолдау шараларына тиісті қаражат бөлініп, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр екен. Бұл шаралар әр азаматтың өмір сапасын жақсартуға, тұрмысын жеңілдетуге және қоғамға белсенді араласуына бағытталған.

Меркі ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық ортаға еркін араласуына жағдай жасауға бағытталған. Көрсетіліп жатқан қолдау түрлері олардың өз бетінше өмір сүруіне, қажетті қызметтерге кедергісіз алуына жол ашуда. Соның арқасында қоғамда түсіністік пен қолдау күшейіп, әр азаматқа тең мүмкіндік берілуде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ