Әлеумет

Ана мен бала амандығы – аманат

Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды әрі басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта өңірімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсетілуде.

Бүгінде облыстық перинаталдық орталық аналар мен нәрестелерге қауіпсіз әрі сапалы көмек көрсету жолында маңызды рөл атқарып келеді. Әсіресе, орталықтың қабылдау бөлімі жеделдік пен кәсібилікті үйлестіре отырып, күн сайын жауапты әрі аса маңызды қызмет атқаруда.

Перинаталдық орталықтың қабылдау бөлімі – аналар мен нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің алғашқы әрі ең маңызды буыны. Мұнда жүкті әйелдерге, босануға дайындалып жүрген аналарға және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетіледі. Әрбір жүкті әйелдің жағдайы жан-жақты тексеріліп, қажетті ем-шаралар мен бақылау белгіленеді. Дәрігерлер үшін ең басты міндет – ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бөлімде барлық медициналық қызметтер заманауи стандарттарға сай жүргізіледі. Жүкті әйелдер триаж жүйесі арқылы жіктеліп, олардың жағдайына сәйкес уақытылы көмек көрсетіледі. Бұл – шұғыл жағдайларда шешуші рөл атқаратын тиімді жүйе.

Бүгінде қабылдау бөлімінде тәулік бойы 28 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 17 акушер маман, 6 санитар, 1 аға акушер маман және 3 дәрігер бар. Барлық мамандар кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отырады.

Бөлім жұмысын жоғары санатты дәрігер Салтанат Хасенова басқарады. Оның айтуынша, мұндағы ақ халатты абзал жандар әрбір ананың жағдайына жанашырлықпен қарап, тек медициналық емес, психологиялық қолдауға да ерекше мән береді.

Шынында да, сәби дүниеге келер ең жауапты сәттерде қабылдау бөлімінің мамандары алдыңғы шепте қызмет атқарады. Тәулік бойы тынымсыз еңбек ететін медицина қызметкерлерінің көзге көріне бермейтін жанкешті еңбегі қоғам үшін аса маңызды әрі зор құрметке лайық.

Мамандардың айтуынша, бүгінде ерте босану, салмағы төмен нәрестелер, асфиксия белгілері, туа біткен даму ақаулары мен иммунитеттің әлсіздігіне байланысты инфекциялық жағдайлар жиі кездесуде. Бұл ретте дәрігерлер аналарды жүктілік кезеңінде аса мұқият болуға шақырады.

Облыстық перинаталдық орталықтың қабылдау бөлімі ана мен бала өмірін сақтауда айрықша маңызға ие. Бұл бөлімде көрсетілетін әрбір медициналық көмек пен қабылданатын әр шешім адам тағдырымен тікелей байланысты. Сондықтан да мамандардың кәсібилігі, ұйымшылдығы мен жанашырлығы өңірдегі ана мен бала денсаулығын нығайтудың басты кепілі.

Облыс әкімдігі денсаулық

сақтау басқармасының баспасөз қызметі