Қауіпті инфекциялармен күресте қырағылық қажет
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2026 жылға арналған негізгі ұйымдастыру іс-шаралары жоспарына сәйкес, аса қауіпті инфекциялардың алдын алуға бағытталған облыстық семинар өтті.
Басқосуда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) мен сібір жарасының алдын алу, эпидемияға қарсы кешенді шараларды үйлестіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының басшылары мен жауапты мамандары, Ұлттық сараптама орталығының эпидемиологтары, облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының бас дәрігерлерінің орынбасарлары, инфекционистер, госпитальдық эпидемиологтар, сондай-ақ ветеринариялық қызметтің мамандары қатысты. Бұл – түрлі ведомстволардың күш біріктіріп, ортақ қауіптің алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысының айғағы.
Бүгінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен сібір жарасы Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлері үшін, соның ішінде Жамбыл облысы үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе табиғи-климаттық жағдайларға байланысты көктем-жаз мезгілдерінде КҚГҚ ауруының белсенділігі артады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – ауыр өтетін, тоқтаусыз қан кетумен сипатталатын, кей жағдайда өлімге әкелуі мүмкін жұқпалы ауру. Аурудың негізгі таратушысы – иксод кенелері. Инфекция көбіне кене шаққанда, сондай-ақ малды күтіп-бағу кезінде кенені жаншу арқылы жұғады. Бұдан бөлек, КҚГҚ-мен ауырған науқастан медициналық манипуляциялар кезінде жұқтыру қаупі де бар. Сондықтан медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы – басты міндеттің бірі.
Жыл сайын облыс аумағында КҚГҚ-ның бір-бірімен байланысы жоқ жекелеген жағдайлары тіркеліп тұрады. 2025 жылы өңірде аталған індеттің 4 жағдайы анықталды. Ал 2026 жылдың қаңтар айында ауру тіркелген жоқ. Дегенмен бұл арқаны кеңге салуға негіз болмайды. Себебі табиғи ошақтар сақталған аумақта індеттің қайта белең алу қаупі әрдайым бар.
Облыс көлемінде КҚГҚ-ның табиғи ошағы Мойынқұм, Талас, Сарысу, Жамбыл, Байзақ және Шу аудандарындағы 46 елді мекенде орналасқан. Осыған байланысты жыл сайын наурыз айынан бастап мамандар көктемгі дала барлау жұмыстарын жүргізеді. Кенелердің таралу аймағы, олардың саны мен белсенділігі зерттеліп, эпидемиялық маусымға болжам жасалады.
2025 жылдың 12 қаңтарында облыс әкімінің орынбасары 2026 жылға арналған бірінші кезектегі кешенді іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Соған сәйкес көктемгі және күзгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары мүдделі ведомстволардың үйлесімді қатысуымен бір мезгілде жүргізілетін болады. Бұл жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар, ветеринариялық қызмет және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау құрылымдары тартылған.
Медициналық ұйымдар да эпидемиялық маусымға дайындықты күшейтуде. Аса қауіпті инфекция тіркелген жағдайда шұғыл кеңес-көмек көрсету, семинарлар мен оқу-жаттығу сабақтарын өткізу жолға қойылған. Жұқпалы ауруханаларда карантиндік төсектер ашылып, дәрілік, вирусқа қарсы, дезинфекциялық препараттар мен қан алмастырғыштардың жеткілікті резерві жасақталған. Сонымен қатар тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жандандырылады.
Семинарда сібір жарасының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сібір жарасы – адамға көбіне ауру жануарлардан жұғатын аса қауіпті инфекция. Ауруға ең сезімтал жануарлар – ірі және ұсақ қара мал, жылқы, түйе және басқа да шөпқоректілер. Адам инфекцияны малды күтіп-бағу, сою, етін бөлшектеу, өлексені көму кезінде жұқтыруы мүмкін.
2025 жылы облыста сібір жарасының 2 жағдайы тіркелді. Екі жағдай да Жуалы ауданында орын алған. Науқастардың барлығы уақытылы медициналық көмек алып, ауруханадан сауығып шықты. Эпидемиологиялық зерттеу барысында олардың ветеринариялық куәландырусыз мал союға және етті бөлшектеуге қатысқаны анықталды. Берілу факторы ретінде ірі және ұсақ қара мал көрсетілді.
Қазіргі таңда облыс аумағында сібір жарасының 84 стационарлық қолайсыз елді мекенінде 189 топырақты ошақ бар. Барлық ошақтар бетондалып, қоршалған және «Сібір жарасы» деген ескерту белгілері қойылған. Олар санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қызметтердің тұрақты бақылауында. 2025 жылы аталған ошақтардан 945 топырақ сынамасы алынып, зерттеліп, нәтижелері теріс болыпиы.
Сібір жарасының алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 2 848 адам профилактикалық екпе алса, 4 миллионнан аса ауыл шаруашылығы жануары вакцинацияланған. Мамандардың айтуынша, адамдар арасында аурудың алдын алу тек жануарлар арасындағы індетке қарсы күрес шараларын жүйелі әрі ведомствоаралық үйлесіммен жүргізгенде ғана тиімді болады.
Семинар қорытындысы бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен сібір жарасының алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, халықты ақпараттандыруды арттыру, табиғи ошақтарда тұрақты мониторинг жүргізу – алдағы кезеңнің басым бағыттары ретінде айқындалды.
Мамандардың пікірінше, аса қауіпті инфекциялармен күресте қырағылық пен жүйелілік басты орында. Уақытылы жүргізілген алдын алу шаралары ғана халық денсаулығын сақтауға және індеттің таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Айжан ӨЗБЕКОВА