Қоғам

Сарбаздар қолбасшылық шеберханасында шыңдалуда

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жөндеу-қалпына келтіру базасында соңғы екі жыл ішінде жақсы дәстүр орнықты. Мұнда сарбаздар Отан алдындағы қасиетті борышын атқара жүріп, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алып келеді. Әскер қатарына қосылған жастар үшін бұл уақыт тек саптық дайындық пен жауынгерлік машықты меңгеру кезеңі ғана емес, өз таңдаған мамандығы бойынша тәжірибе жинап, білікті маман болып қалыптасатын маңызды белес саналады.

Бөлімге келетін жігіттердің басым бөлігі бұрын техникалық білім алған, қолынан іс келетін азаматтар. Слесарь, токарь, газ электр дәнекерлеушісі сияқты мамандар осы базада өз қабілеттерін жаңа қырынан көрсетіп жүр. Олар үшін әскер теориялық білім мен тәжірибені ұштастыратын тиімді ортаға айналды.

01731 әскери бөлімінің жөндеу-қалпына келтіру батальонының командирі, майор Шыңғыс Сәбетбековтің айтуынша, бөлімде әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға және олардың техникалық дағдыларын жетілдіруге барлық қажетті жағдай жасалған.

Байыпты бастама сарбаздардың көңілінен шығып, олардың ынтасын арттыра түсті. Олар мамандығынан қол үзбей, керісінше өз шеберлігін шыңдап, жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алып отыр. Аталған әскери бөлімнің мерзімді қызметтегі сарбазы Мағжан Асылханұлы бұл іске ерекше ықыласпен қарап, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруда.

Әскери борышын өтеп қайтқан жігіттердің қолында тек әскери билет пен жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсу мүмкіндігі ғана болмайды. Олар ең бастысы өзімен бірге шыңдалған тәжірибе мен өмірлік сабақ алып қайтады. Әскерде өткен бір жыл олардың рухын нығайтып, кәсіби тұрғыдан жетілуіне көмектеседі және болашақта дұрыс жол табуына негіз болады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ