Деструктивті бағыт – тұтас қоғамға төнген қауіп
Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамға төнген ең өзекті қауіптердің бірі – деструктивті ағымдардың таралуы. Бұл ағымдар діни, идеологиялық немесе саяси ұрандарды желеу етіп, адамдардың санасын улап, қоғамның тұтастығына нұқсан келтіруді көздейді. Әсіресе жастарды нысанаға алып – бұл мәселенің маңызын одан әрі арттыра түседі.
Деструктивті ағым – дәстүрлі дінге, ұлттық құндылықтар мен заңды қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған, радикалды көзқарасты насихаттайтын топтар. Олар өз идеяларын «ақиқат жол», «таза дін» біздікі деп көрсетіп, өзге көзқарастағыларды теріске шығарады. Мұндай ағымдардың басты мақсаты – адамды өз ортасынан оқшаулап, қоғамға қарсы қою.
Деструктивті ағымдардың зардабына тоқталсақ, біріншіден, отбасылық құндылықтарға зиян келтіреді. Ағым ықпалына түскен адам ата-анасын, туған-туысына қарсы шығып, олармен қарым-қатынасты үзуге дейін барады. Бұл – отбасындағы берекенің бұзылуына алып келеді.
Екіншіден, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Радикалды идеялар адамдар арасында алауыздық туғызып, заңға қарсы әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Мұндай жағдайлар ел тыныштығын бұзады.
Үшіншіден, жастардың болашағына кері әсер етеді. Өмірлік тәжірибесі аз, діни білімі төмен жастар жалған уағызға тез алданып, білім алу, мамандық таңдау сияқты маңызды мақсаттардан алыстайды.
Төртіншіден, психологиялық қысым мен тәуелділік қалыптастырады. Деструктивті топ ішінде адам еркін ойлау қабілетінен айырылып, көшбасшының айтқанына сеніп, солардың сөздерінен шықпайтын күйге түседі.
Қазіргі таңда бұл ағымдар ең алдымен интернет пен әлеуметтік желілер арқылы кең таралып, әртүрлі бейнероликтер, жазбалар мен жабық топтар арқылы жастардың миын улап, қызығушылығын арттырып, дінге деген санасын оятады.
Сондай-ақ, жеке әңгіме мен сенімге кіру тәсілін жиі қолданады. Алдымен өздеріне жақын тартып, дос болып, әлеуметтік көмек көрсетіп, кейін біртіндеп өздеріне тартып мақсаттарын орындайды.
Кейбір жағдайларда қайырымдылық пен материалдық көмекті аямай көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда осал адамдарды өз қатарына қосады. Бұдан бөлек, діни сауатсыздықты пайдаланып – олардың ең жиі қолданатын әдістерінің бірі.
Деструктивті ағымдардың алдын алудың ең тиімді жолы – діни және құқықтық сауаттылықты арттыру. Азаматтар ақпаратты тексеріп, күмәнді дереккөздерден аулақ болуы қажет. Жастарды ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дін негізінде тәрбиелеу керек, мамандар мен дін қызметкерлерінің кеңесіне жүгіну – маңызды қадамдардың бірі.
Деструктивті ағымдар – жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға төнген қауіп. Сондықтан әрбір азамат сергек болып, кез келген ақпаратты ақыл таразысына салып қабылдауы тиіс. Бірлік пен саналы көзқарас бар жерде мұндай қауіптерге орын болмайды.
Ербол СӘРСЕНОВ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын
зерттеу орталығының Меркі ауданы
бойынша инспекторы