Әлеумет

Кәсіби жолдың бастауы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің негізін қалаған, академиялық дәстүрі мен заманауи даму бағыты үйлескен жетекші оқу орындарының бірі. Университет 1934 жылы құрылып, бүгінде халықаралық білім кеңістігінде танылған, ғылыми ізденіс пен кәсіби даярлықтың орталығына айналып отыр. Мұнда шет елдерден келген студенттер білім алып, көпмәдениетті әрі ашық академиялық орта қалыптасып келеді.

ҚазҰУ-дың стратегиялық бағыты – білім мен ғылымды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін құралға айналдыру. Университетте бүгінде 200-ден астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады, ал білім алушылар саны 20 мыңнан асады. Экономика саласындағы ғылыми-зерттеу конференциялары студенттерді қолданбалы жобаларға тартып, нақты экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларға қатысуға жағдай жасайды.

Университеттің басты құндылықтарының бірі – жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы. Оқу үдерісінде кейс-стади, жобалық жұмыстар және аналитикалық тапсырмалар кеңінен қолданылады. Бұл тәсілдер студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытып, кәсіби шешім қабылдауға бейімдейді. Оқытушылардың ғылыми тәжірибесі мен практикалық кеңестері студенттердің кәсіби көзқарастарының қалыптасуына оң әсер етеді.

ҚазҰУ-дың халықаралық серіктестігі де білім көкжиегін кеңейтетін маңызды факторлардың бірі. Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық бағдарламаларды жүзеге асырып, студенттерге халықаралық ғылыми ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Халықаралық конференциялар мен форумдарда экономикалық дамудың өзекті мәселелері талқыланып, ғылыми пікір алмасу алаңы қалыптасады.

ҚазҰУ – бұл экономикалық ой қалыптасатын, ғылыми бастамалар жүзеге асатын және әрбір студенттің кәсіби жолы айқындалатын білім ордасы. Түлектер үшін бұл университет – арманнан басталып, нақты мақсатқа ұласқан өмірлік бағыттың берік негізі.

Гүлім АБРАСИЛОВА, Назым ҮМБЕТОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

экономика мамандығының 4-курс студенттері,

 

Бахыт БАЙТАНАЕВА,

ғылыми жетекші, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент