Таразда тағы бір «жас сақшы» полиция сыныбы ашылды
Тараз қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты азаматтық жауапкершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі істер органдарында қызмет ету идеясын насихаттау және кәсіби бағдар беру. Жаңа бастама жасөспірімдердің бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, тәртіп пен заңға құрмет сезімін арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортаға шығарылып, еліміздің Әнұраны әуелете шырқалды. Одан кейін «Жас сақшы» сыныбына қабылданған 8-сыныптың 24 оқушысы салтанатты түрде ант қабылдап, қолдарына арнайы куәліктер табыс етілді.
Бұдан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбеков, осы мектеп-гимназияның директоры Индира Нұралиева, облыстық «Ауған соғысы ардагерлері» кеңесінің төрағасы, мектепішілік қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитетінің төрағасы дүкенбай Ермеков, мектепішілік ата-аналар кеңесінің мүшесі Ниет Молдабаев сөз сөйледі. Олар өз сөзінде өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, жас сақшыларға білім мен тәртіпті қатар ұстанып, елдің сеніміне лайық болуға шақырды.
Іс-шара барысында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен білім беру мекемесі арасында ынтымақтастықты нығайтатын өзара әріптестік жөніндегі келісімге бастамашылдық жасалды, яғни екіжақты меморандумға қол қойылды. Аталған білім беру мекемесінің директоры Индира Абжанқызының айтуынша, осы арқылы «Жас сақшы» сыныбының жұмысы жүйелі ұйымдастырылып, кәсіби бағдары айқындалмақ.
Құқық қорғау органдарының басшылығы, ардагерлер, педагогтер, ата-аналар және оқушылар қатысқан іс-шарада арнайы қойылымдар, кинолог мамандарының көрсетілімі, би және музыкалық нөмірлер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар мектептің мәжіліс залында Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Капитан Байтасов» көркем фильмі көрсетілді.
Бұдан кейін жаңадан ашылған «Жас сақшы» сыныбының летнасы қиылды. Ж.Пиртаевтың сөзіне сүйенсек, бұл мемлекеттік күзет қызметінің білім мекемесімен бірлесе ашқан облыстағы алғашқы «Жас сақшы» сыныбы екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ