Қоғам

Референдум ұлт тұтастығын айшықтайды

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Олар жұмыс сапары барысында облыс жұртшылығымен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен кездесті.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырылған кездесуге облыстың шамамен 500 тұрғыны қатысты. Олардың арасында зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, медицина саласы қызметкерлері, педагогтар және өзге де азаматтар бар. Өз кезегінде Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскен сәтінен бастап жаңа Конституцияның негізі қалана бастағанын, ал құжаттың өзі ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін және азаматтардың әділдікке, заң үстемдігіне, сенімді болашаққа деген сұранысын айқын көрсететінін жеткізді.

– Референдум ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын айшықтайды. Бұл Президенттің халқына арқа сүйейтінін, ал халық Президентке сенетінін көрсетеді. Ел дамуында референдум шешуші рөл атқарған мұндай мысалдар әлемде де жеткілікті. Мәселен, XIX ғасырдағы Швейцариядағы Конституция жөніндегі референдум, Франциядағы Бесінші республика құру бойынша өткен референдум дүние жүзі тарихында қалды. Алдағы біздің референдум да ел тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаға айналады деп санаймын. Сондықтан таңдау да, соңғы шешім де өздеріңізде, – деді Ерлан Жақанұлы.

Кездесуге қатысушылар жобада әрбір қазақстандық азаматқа жақын Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сынды қастерлі құндылықтар бекітілгеніне назар аударды. Ал Президенттің іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан «халықпен бірге» қағидаты ел азаматтарының мемлекет болашағын айқындау ісіндегі өз рөлін терең сезінуіне мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Коалиция мүшелері жобадағы негізгі новеллалар туралы баяндады. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ адам құқығына кепілдік беру аясы кеңейгеніне және азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуына назар аударды. «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының Төрағасы Азат Перуашев кәсіпкерлік пен экономиканы дамыту үшін түсінікті әрі тұрақты ережелерді бекітудің маңызы туралы ойын ортаға салды. Тарихшы әрі археолог Сауран Қалиев преамбулада Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс табуы мемлекеттің бірегейлігін айқындап, даму бағдарын белгілейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызына тоқталды.

Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлемде күрделі геосаяси өзгерістер жүріп жатқанын, бұрынғы халықаралық тәртіп біртіндеп өз маңызын жоғалтып, мемлекеттер жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, дәл осы тұста мемлекеттің ішкі тұрақтылығын алдын ала нығайтып, жүйелі реформалар арқылы орнықты дамуды қамтамасыз ету аса маңызды. Жаңа Конституция осындай кешенді жаңғыруды қамтамасыз етеді.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жақсыбек Құлекеев жаңа Конституцияда алғаш рет адами капиталы, яғни білім, ғылым және инновация стратегиялық басымдық деңгейінде бекітілгенін, себебі дәл осы салалар заманауи экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналғанын сөз етті.

Сондай-ақ студенттермен де кездесу өтіп, маңызды құжат аясында жастарға берілетін жаңа мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды. Одан бөлек Коалиция мүшелері «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс алаңында кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті. Зауыт жұмысшылары жаңа Конституция жобасын еңбек адамының құқығын қорғауды күшейтуге және ел дамуындағы ерекше рөлін мойындауға бағытталған нақты қадам ретінде бағалайтындарын айтып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Келесі кезекте аталған ұйым мүшелері Жамбыл ауданының Аса ауылына да ат басын бұрды. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылар мен шағын және микробизнес өкілдері, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және ауыл тұрғындары қатысқан кездесуде де келелі мәселелер көтерілді. Мәжіліс депутаты әрі жоба жетекшісі Дәулет Мұқаев бұл бастаманың жүйелі жүзеге асуы білім беру және қолдау көрсету қадамдары адамдардың өз өмірін өз бетінше өзгертуіне нақты мүмкіндік беретінін айқын көрсеткенін жеткізді. Әр азамат адал еңбек етіп, өз ісін дамытып, болашаққа сеніммен қарай алатын осындай мүмкіндіктер қоғамы енді Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Осы күні Коалиция мүшелері «Super-pharm» фармацевтикалық зауытына да арнайы барды. Кәсіпорын қызметкерлері алдағы референдумда жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, құжат жобасында жарияланған тең мүмкіндіктер мен адал бәсекелестік құндылықтары мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың дамуы үшін аса маңызды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша жұртшылық жаңа негізгі заң жобасын қолдайтындарын білдірді. Барша қатысушы 15 наурызда референдумға келіп, жаңа Конституцияға дауыс беруге және Қуатты, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру ісіне өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.

Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы биыл 13 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия және шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар 5 миллионға жуық қазақстандық азаматты біріктіруде.

Жалпыұлттық Коалицияның баспасөз қызметі

Суретті түсірген: Әли Ғалым