Жаңалықтар

«Үздік 100 студент» республикалық конкурсы басталды

Қазақстанда «Қазақстан Республикасы колледждерінің Үздік 100 студенті» атты республикалық конкурс басталды, деп хабарлайды arainfo.kz

Жоба студенттердің білімін, кәсіби шеберлігін және қоғамдық белсенділігін бағалап, олардың жетістіктерін республика көлемінде танытуға бағытталған.

Конкурс жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің имиджін нығайтуға, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және кәсіби өсуіне нақты мүмкіндік жасауға арналған. Байқауға еліміздің барлық өңірлеріндегі колледж студенттері қатыса алады. Үміткерлер қатарында WorldSkills чемпионаттарының және кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен қатысушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының және волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары, инновациялық идеялар мен стартап-жобалардың авторлары, ғылыми конференциялар мен олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары және шығармашылық ұжымдардың белсенді мүшелері бар. Соңғы үш жылдағы жеңімпаздар қайта қатыса алмайды.

Конкурс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең колледжішілік іріктеу болып, әр білім беру ұйымы 5 кандидаттан артық ұсына алмайды. Бұл кезеңде үміткерлердің оқу жетістіктері, кәсіби табыстары және қоғамдық белсенділігі бағаланады. Екінші кезең өңірлік деңгейде өтеді. Онда облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан 10 үздік үміткер іріктеліп, олардың жетістіктері кешенді түрде сараланады. Үшінші кезең республикалық финал болып, қорытынды іріктеу «TOP-100 STUDENTS» интернет-ресурсында жарияланады. Осылайша елдің 100 үздік колледж студенті анықталады.