Денсаулық

Медицина саласындағы білім беру орталықтарына қойылатын талаптар қатаңдатылды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қосымша медициналық білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізбесін қалыптастырудың жаңа қағидаларын бекітті. Бұл шаралар медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруға және білім беру ұйымдарын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Енді уәкілетті орган ұйымдардың тізбесін дәрігерлерді оқытатын заңды тұлғалар мен орта медициналық персоналды даярлайтын ұйымдар ретінде бөлек қалыптастырады. Тізбеге енгізудің міндетті шарты қосымша медициналық білім беру бағдарламаларын іске асыруға құқық белгілейтін құжаттардың болуы.

Жаңа талаптар инфрақұрылым мен ресурстық қамтамасыз ету деңгейін күшейтеді. Ұйымдарда білім беру қызметіне лицензия немесе ғылыми мәртебе, клиникалық база немесе практикалық даярлау үшін келісімшарттар, заманауи симуляциялық жабдық, зертханалық база және компьютерлік технологиялар болуы қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылуы қарастырылған.

Министрлік ұйымдардың қызметін жүйелі мониторинг арқылы бақылайды және қажет болған жағдайда көшпелі тексерулер жүргізеді. Ведомство өкілдері материалдық-техникалық база мен клиникалық ресурстар нақты жағдайға сәйкес келуі керек екенін атап өтті.

Жаңа нормалар білім беру орталықтарын іріктеудің ашық жүйесін қалыптастырады және тек ғылыми әлеуеті жоғары, заманауи жабдықтары мен клиникалық базасы бар ұйымдарда медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қабылданған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.