Жаңалықтар

Burger King-тегі даулы жағдай: министрлік тексеруді бақылауға алды

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алматыдағы қызметкерге қатысты жағдай ведомствоның бақылауында екенін мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы қызметкер Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барып, мән-жайды зерделеген.

Сондай-ақ қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесу барысында өтініш беру тетіктері мен еңбек заңнамасында көзделген құқықтық кепілдіктер жөнінде толық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Жұмыс берушіден алынған ақпаратқа сәйкес, “QSR” ЖШС (Burger King) ұйымы ішінде қызметтік тексеру басталған. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданған. Министрлік жағдайдың әрі қарайғы дамуы туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде аталған фастфуд желісіне қатысты дау туындаған болатын. Әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай белгілі бренд аутизм диагнозы бар ұлына қысым көрсетіп, оны жұмыстан шығуға мәжбүрледі деп айыптаған. Бұл жағдай қоғамда кең талқыланып, құзырлы органдардың назарын аударды.