Жаңалықтар

Өмір бойы жеке куәлігі болмаған: Қордайда жалғызбасты ана алғаш рет құжат алды

Қордай ауданының прокуратурасы құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында «Халық заңгері» және «Қоғаммен байланыс» акцияларын өткізді, деп хабарлайды arainfo.kz

Іс-шара барысында қиын өмірлік жағдайға тап болған Қордай ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана қабылдауға келген. Аталған әйел ата-анасыз өсіп, бала кезінен ауылда әжесінің тәрбиесінде болған. Өмірлік мән-жайларға байланысты ол уақытында құжаттандырылмаған.

Нәтижесінде оның өмір бойы жеке куәлігі болмаған. Бұл жағдай мемлекеттік қызметтерді алуына, әлеуметтік қолдауға және еңбекке орналасуына айтарлықтай кедергі келтірген.

Прокуратураның үйлестіруімен қажетті құжаттарды жинау және рәсімдеу жұмыстары ұйымдастырылып, уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізілді. Көрсетілген құқықтық көмектің нәтижесінде азаматша алғаш рет жеке куәлік алып, Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі құқықтық мәртебесін рәсімдеді.

Қадағалау органы осал санаттағы азаматтарға атаулы құқықтық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.