Қазақстанда биыл 90 жаңа мектеп салу жоспарлануда
Жаңа білім ошақтарын пайдалануға беру Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады, деп хабарлайды arainfo.kz
Құрылысы жүріп жатқан мектептердің басым бөлігі Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Батыс Қазақстан облысы және Түркістан облысы аумақтарында салынуда.
Сонымен қатар білім сапасын арттыру мақсатында химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылуда. Соңғы үш жыл ішінде жалпы 4320 пәндік кабинет жаңартылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу аясында 1300 мектепті реновациялау көзделген. Оның ішінде 900-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте жаңғырту жұмыстары аяқталса, 2026 жылы тағы 98 мектепте реновация жалғасуда.
Реновация аясында мектеп ғимараттарын күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, жиһаздарды жаңарту, кітапхана мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе қайта құру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін орнату қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы соңғы үш жылда 746 мың оқушы орнына есептелген 584 мектеп пайдалануға берілді.