Жаңалықтар

Қазақстанның бірқатар өңірінде тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі

Синоптиктер тұман, жауын-шашын, көктайғақ және желдің күшеюіне байланысты дауылды ескертулер жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Синоптиктер 16 ақпан күні елдің көптеген өңірінде ауа райының күрт нашарлайтынын ескертті. Қазгидрометмәліметінше, тұман, жауын-шашын, көктайғақ және желдің күшеюі байқалады.

Еліміздің ірі қалаларында да қолайсыз метеорологиялық жағдай болжанып отыр. Мәселен, Астана қаласында күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін күшейеді. Алматы қаласында түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал. Ал Шымкент қаласында күндіз жаңбыр жауып, желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді.

Өңірлерге келсек, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жауын-шашын басым болады. Түркістан облысы аумағында жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжануда. Жамбыл облысы, Алматы облысыжәне Жетісу облысы аймақтарында тұман, көктайғақ және желдің күшеюі күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні 23–28 м/с дейін жетуі мүмкін.

Солтүстік және орталық өңірлерде қар, бұрқасын және көктайғақ болады. Атап айтқанда, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облысы және Павлодар облысы аумақтарында жауын-шашын мен желдің күшеюі болжанып отыр. Сондай-ақ Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы өңірлерінде тұман түсіп, жолдар тайғақ болуы мүмкін.

Батыс өңірлерде де ауа райы тұрақсыз болады. Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы және Маңғыстау облысы аумақтарында тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі.

Ал Қызылорда облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Абай облысы өңірлерінде негізінен тұман түсіп, желдің күшеюі ықтимал.

Мамандар тұрғындарға ауа райының нашарлауына байланысты жолда абай болуға, алыс сапарға шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.