Дін

Қолайлы рухани орта қалыптастыру – басты міндет

Жаһандану және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында интернет кеңістігі діни экстремистік идеологияның таралуына қолайлы ортаға айналды. Бұл үрдіс ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге және жастардың дүниетанымына тікелей қауіп төндіреді.

Қазіргі таңда интернет ақпарат алмасудың ең жылдам әрі қолжетімді құралы. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі онлайн-платформалар адамдардың дүниетанымына, көзқарасына тікелей әсер етуде. Алайда осы мүмкіндікті діни экстремистік ұйымдар да өз мақсаттарына пайдалануда. Сондықтан интернет кеңістігіндегі діни экстремизмнің алдын алу – қоғам үшін аса өзекті мәселе.

Діни экстремизм – діни қағидаларды бұрмалау арқылы қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға және радикалды көзқарастарды насихаттауға бағытталған іс-әрекет. Экстремистік контентке діннің жекелеген қағидаларын контекстен тыс және біржақты түсіндіру, зайырлы мемлекетті жоққа шығару идеяларын тарату, мемлекеттік институттарға сенімсіздік қалыптастыру, сондай-ақ жастарды «әділетті қоғам» құру ұранымен радикалды әрекеттерге итермелеу тән.

Бүгінгі таңда Қазақстанда да басқа елдердегідей ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр. Елде тұрақты діни ахуал сақталғанымен, қоғамның белгілі бір бөлігінде діни радикалдану үрдісіне байланысты алаңдаушылық тудыратын жайттар байқалады. Бұл ретте экстремизм мен терроризм идеяларының интернет-кеңістікте белсенді таралуы тұрғындардың радикалдануына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екені анық. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың алдында қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, қоғамда қолайлы рухани ортаны қалыптастыру міндеті тұр. Радикалды идеялардың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен республикалық діни сайттар (kazislam.kz, muftyat.kz) жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы ретте әрбір Қазақстан азаматының шетелдік күмәнді интернет-сайттарды пайдаланудан сақтанып, елде рұқсат етілген әлеуметтік желілер мен ақпараттық ресурстарға жүгінгені жөн екенін еске салғымыз келеді. Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылып жатқан «Киберқадағалау» жүйесі арқылы интернетте деструктивті идеяларды дер кезінде анықтау және бұғаттау жұмыстары жалғасуда. Демек, құзырлы органдар мен дінтанушы мамандар экстремистік мазмұндағы сайттар мен аккаунттарды анықтап, олардың таралуына тосқауыл қоюда.

Алдын алу жұмыстарының негізгі мақсаты – радикалды идеологияның таралуына жол бермеу, сонымен қатар қоғам мүшелерінің сыни ойлау қабілетін дамыту. Бұл ретте Қазақстанда экстремизмге қарсы іс-қимыл тек тыйым салу шараларымен шектелмей, алдын алу және ағартушылық бағытқа басымдық берілгені дұрыс.

Осы орайда алдын алу шараларына назар аударсақ, бірінші – діни және ақпараттық сауаттылықты арттыру. Діни сауаттылық экстремизмнің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Азаматтардың дәстүрлі діндердің құндылықтары мен қағидаларын ғылыми және тарихи тұрғыда түсінуі радикалды интерпретацияларды ажыратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық сауаттылықты дамыту жалған ақпарат пен манипулятивті контентті тануға көмектеседі.

Екінші – білім беру жүйесіндегі профилактикалық жұмыс. Мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану, мәдениеттану және азаматтық тәрбие пәндері арқылы зайырлылық қағидаттарын түсіндіру маңызды. Бұл жастардың дүниетанымын кеңейтіп, діни төзімділік пен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастырады.

Үшінші – интернет кеңістігін мониторингілеу және құқықтық реттеу. Экстремистік мазмұнды анықтау және оның таралуына тосқауыл қою мемлекеттік органдардың маңызды міндеттерінің бірі. Заңнамалық тетіктер интернет-платформалармен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Алайда бұл шаралар сөз бостандығы қағидаттарын сақтай отырып жүргізілуі қажет.

Төртінші – қоғамдық және діни институттардың рөлі. Дәстүрлі діни ұйымдар мен азаматтық қоғам институттары түсіндіру және алдын алу жұмыстарында белсенді рөл атқара алады. Олар сенімді ақпарат көздері ретінде қоғамда радикалды идеологияға қарсы балама көзқарас қалыптастырады.

Бесінші – психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесі. Экстремистік идеология көбіне жеке тұлғаның ішкі дағдарысын пайдаланады. Сондықтан жастарға психологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру алдын алу шараларының ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Қазақстандық тәжірибеде діни экстремизмнің алдын алу тек идеологиялық күреспен шектелмей, әлеуметтік және психологиялық факторларды ескеруді талап етеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік мақсаттың болмауы радикалды идеяларға бейімділікті арттыруы мүмкін.

Жалпы интернет арқылы діни білім алу, діни сауаттылықты арттыру – дұрыс шешім емес. Себебі, басқасын айтпағанда діни контенттерді қараған кезде толассыз ақпараттың анықтығын тексеру маңызды. Егер жалған дерекке кезігіп, соңында адасушылыққа тап болсаңыз, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Мұндайда күмән тудыратын сайттар мен парақшаға кірместен, дереу бұғаттап тастаған жөн. Интернеттің мол мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырған жат ағымдар діни білім емес, теріс идеологиясын сіңіруге тырысады. Сол себептен діни-рухани білімді интернет арқылы емес, талай жылдан бері осы салада тәжірибесі мен біліктілігі бар маманнан алған абзал.

Интернет кеңістігінде діни экстремизм көріністерінің алдын алу – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл мәселені шешу үшін құқықтық, ақпараттық, білім беру және әлеуметтік тетіктерді өзара үйлестіре отырып қолдану қажет. Мемлекет, діни институттар және азаматтық қоғамның бірлескен әрекеті ғана интернеттегі радикалды идеологияның таралуына тиімді тосқауыл қоя алады.

Бақтияр АЛПЫСБАЕВ,

дінтанушы