Мәтінді көпқырлы түсіну – сенімді тереңдету
Қасиетті мәтіндер – адамзат өркениетінің рухани өзегі. Ислам дәстүрінде Құран мен сүннет тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, сонымен қатар уақыт, қоғам және адам болмысына қатысты терең мағыналар жүйесі. Алайда қазіргі кезеңде діни мәтіндерді біржақты, контекстен тыс түсіндіру кең таралуда. Бұл құбылыс кейде әлеуметтік қақтығыстарға, радикал көзқарастарға және діни фанатизмге алып келуде.
Радикалды, біржақты дүниетанымнан көпқырлы ойлауға көшу жолында тіл мен мағынаны дұрыс түсінудің орны ерекше. Себебі тіл – адамның ойлау жүйесінің негізі. Ал діни мәтіндер де адамзат тілінде түскендіктен, тілдің өз заңдылықтарына бағынады. Бұл жайында Құранда: «Біз әр пайғамбарды өз қауымының тілінде жібердік, оларға ақиқатты анық түсіндіруі үшін» деп айтылады. Яғни пайғамбарлар өз халқына солар түсінетін тілмен, солардың ұғымына сай сөйлеген.
Дәстүрлі Ислам түсінігі Құран мен хадисте сөздердің бірнеше мағына беруі, астарлы ойлар, теңеулер мен бейнелі тіркестер бар екенін мойындайды. Мұндай ерекшелік мәтінді әртүрлі қырынан түсінуге мүмкіндік береді. Исламдағы төрт мәзһабтың қалыптасуы да – осы көпмағыналылықтың нәтижесі. Әр мәзһаб бір аят пен хадисті өзінше түсіндіріп, өз үкімдерін шығарған. Бұл – Исламдағы пікір алуандығының айқын дәлелі.
Ал радикалды көзқараста бәрі керісінше. Олар кез келген сөздің тек бір ғана мағынасы бар деп есептейді. Мәтінді тура мағынасында ғана қабылдап, оның астарлы немесе кең түсіндірмесін жоққа шығарады. Мұндай тәсіл «бәрі тек осылай болуы керек» деген қатаң ойлау жүйесін қалыптастырады. Соның салдарынан өзгеше пікірге төзімсіздік пайда болып, адам бір ғана көзқарасты дұрыс деп танитын тұйық түсінікке бой ұрады.
Ал шын мәнінде, исламның алғашқы буын өкілдері – сахабалар, табиғиндер және олардан кейін келген ғалымдар көптеген діни мәселеде әртүрлі пікір ұстанған. Соған қарамастан олар бір-бірін адасқан деп айыптамаған. Бұл бізге діни мәтінді кеңірек түсінудің, өзгеше ойларға құрметпен қараудың маңызды екенін көрсетеді.
Қазіргі заманда кейбір радикалды діни ағымдардың адамдарды өзіне тез тартуының басты себебі – олар күрделі өмірлік сұрақтарға қарапайым әрі нақты жауап береді. Мысалы, адам өмірінде қиындыққа тап болғанда немесе белгісіздікке ұшырағанда, осындай идеология оған психологиялық жайлылық береді, күмәнді азайтады, қорқынышты жеңілдетеді, өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі.
Алайда өмір қарапайым емес. Әлемді тек «ақ пен қара» деп қабылдау, барлық мәселе оңай шешіледі деп ойлау, терең білімге мән бермеу – адамды бірте-бірте идеялық тұзаққа түсіреді. Себебі, мұндай адам тек қарапайым шешімдерге үйренген, көп ақпаратты өңдей алмайды немесе оған қызықпайды.
Ислам ілімінде ой-пікір алуандығы ежелден қалыптасқан. Шариғат ғылымдары адамдарға бірден «дұрыс» пен «бұрысқа» бөлмеуді үйретеді. Алдымен әртүрлі көзқарастың бар екенін мойындап, «менің де, сенің де, басқалардың да пікірі бар» деген плюрализмдік ойды қалыптастыру маңызды. Бұл бастапқы кезеңде ой-өрісті кеңейтуге, жеке көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дәстүрлі сүннилік бағытта ғалымдардың әртүрлі ижтиһадтары, сан алуан пәтуалар мен мәзһабтық көзқарастар – табиғи құбылыс. Мысалы, бір сахаба таң намазы мен бесін намазынан кейін нәпіл намазын оқуды дұрыс деп есептемесе, басқа сахабалар керісінше сол уақытта нәпіл намазын оқуды дұрыс деп санаған. Бұл – пікір алуандығының исламдағы қалыпты жағдай екенін көрсетеді.
Радикалды идеология болса, керісінше ақиқатты екіге бөліп қарастырады: «біз дұрыс жолдамыз» және «басқалар адасқан». Мұндай тар шеңберлі ойлау жүйесінде адам тек парыз бен харамды ғана біледі, ал аралық категорияларды, яғни сүннет, мустахаб, мүбаһ, мәкруһ және нәпіл амалдарын елемейді. Негізі шариғатта әр амалдың өз орны, дәрежесі бар. Мысалы, сүннет амалдар бекітілген (муаккада) және бекітілмеген (ғайру муаккада) болып бөлінеді. Мәкруһ істер халалға жақын (танзиһи) және харамға жақын (тахрими) болып жіктеледі. Осыны түсінген адам діни өмірді тереңірек қабылдай алады, біржақты түсініктен арылады.
Тарихта да пікір алуандығын көрсететін мысалдар аз емес. Әл-Бұхари «Сахихында» келтірген Бәни Құрайза оқиғасында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына: Екінті (аср) намазын тек Бәни Құрайза жерінде оқысын» деп бұйырады. Жолда келе жатып сахабалардың бір тобы намаз уақытынан кешікпеу үшін жолда намазын оқиды. Олар Пайғамбардың сөзінің мақсаты – нақты сол жерде намаз оқу емес, керісінше, Бәни Құрайзаға тез жету екенін түсінеді. Ал екінші топ Пайғамбардың бұйрығын тура мағынада қабылдап, аср намазын тек Бәни Құрайзаға жеткен соң оқиды. Пайғамбарымызға бұл жағдай жеткенде, Ол ешбір топты кінәламады. Бұл – мәтінді әртүрлі түсінудің шариғат аясында мүмкін екенін көрсететін нақты мысал.
Пікір алуандығының заңдылығын Құран мен хадистер де растайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Құран жеті хәріппен түсірілді» деп хабар берген. Бір хадисте Омар ибн әл-Хаттаб (Алла разы болсын) Хишамның Құранды өзінен өзгеше оқып отырғанын естіп, Пайғамбарға жеткізеді. Пайғамбарымыз екеуінің де оқуын дұрыс деп танып: «Сендерге қайсысы жеңіл болса, солай оқыңдар» деп қорытынды жасайды. Бұл хадис өзгеше пікірге төзімді болуды үйретеді.
Бүгінгі таңда мұсылман үмбеті Құранды он түрлі қырағатпен оқиды. Олар – Асым әл-Куфи, Нафиғ әл-Мәдәни, Ибн Кәсир әл-Мәкки, Әбу Амр әл-Басри, Ибн Амир әш-Шәәми, Хамза әл-Куфи, әл-Кисәи, Әбу Жағфар әл-Мәдәни, Яғқуб әл-Хадрами және Халәф ибн Хишам. Ғалымдардың ортақ пікірі бойынша, қазіргі қырағаттардың барлығы халифа Осман (Алла разы болсын) дәуірінде сақталған бір негіздің әртүрлі оқу үлгілері.
Фиқһ ғылымы да пікір алуандығын мойындайды. Мысалы, сахабалар (Алла разы болсын) кейбір намаз уақыттары, дәрет мәселесі, әурет шегі, қарыздағы ақшадан зекет беру секілді тақырыптарда әртүрлі пікір айтқан. Айша анамыз (Алла разы болсын) мен Ибн Масғуд (Алла разы болсын) Миғраж оқиғасына қатысты да әртүрлі көзқарас ұстанған. Бірақ бұл айырмашылықтар ешқашан бірін-бірі жоққа шығаруға себеп болмаған.
Діни мәтінді көпқырлы түсіну – сенімді әлсірету емес, керісінше оны тереңдету. Біржақты интерпретация көбіне үстірт оқудан туындайды. Классикалық ислам дәстүрі – мәтінді контекст, тіл, мақсат, методология және өмірлік тәжірибемен бірге қарастырады.
Көпқырлы интерпретацияға өту – радикализмнің алдын алудың, діни сананы сауықтырудың және қоғаммен үйлесімді ислам түсінігін қалыптастырудың маңызды жолы.
Мұстафа СЕЙТХАЗИ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын
зерттеу орталығының испекторы