Дін

Деструктивті идеологияның салдары өте қауіпті

Қазіргі таңда қоғам дамуының жаңа кезеңінде жастардың дүниетанымы бұрын-соңды болмаған ақпараттық ағынның ықпалында қалыптасып отыр. Интернет пен әлеуметтік желілер еркін ақпарат алмасу алаңына айналғанымен, оның ішінде теріс бағыттағы діни материалдар да кеңінен таралуда. Бұл жағдай жастардың санасына кері әсер етіп, олардың өмірлік ұстанымдарының бұрмалануына алып келуі мүмкін.

Деструктивті діни түсінік – қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін, радикалды және төзімсіз көзқарастарды насихаттайтын идеология. Мұндай ағымдар дәстүрлі діни құндылықтарды жоққа шығарып, зайырлы мемлекет қағидаттарына қарсы пікір қалыптастырады. Олар өз идеяларын таратуда жастардың сенгіштігін және тәжірибесінің аздығын тиімді пайдаланады.

Мамандардың пікірінше, жастардың деструктивті діни ағымдарға тартылуының басты себептерінің бірі – діни сауаттың жеткіліксіздігі. Дін туралы үстірт білім алған жас азамат радикалды уағызшылардың жалған уәждеріне тез сенуі мүмкін. Сонымен қатар әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, рухани бос кеңістік те бұл мәселеге әсер етеді.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, жастар өз орнын іздеу, қоғамда мойындалу, маңызды болуға ұмтылу кезеңінен өтеді. Дәл осы сәтті деструктивті діни топтар пайдаланып, оларды «ерекше миссия», «таза жол» секілді ұрандармен өз қатарына тартады. Нәтижесінде жас адамның ойлау жүйесі өзгеріп, сыни көзқарасы әлсірейді.

Деструктивті діни түсініктің салдары өте қауіпті. Мұндай идеологияны қабылдаған жастар қоғамнан оқшауланып, отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрді теріске шығара бастайды. Кей жағдайда олар заңға қарсы әрекеттерге барып, экстремистік көзқарастарды ашық қолдауы мүмкін. Бұл тек жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға төнген қатер.

Осы орайда алдын алу шараларының маңызы зор. Ең алдымен жастар арасында діни және құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Білім беру ұйымдарында зайырлылық негіздерін түсіндіру, дін мәселесіне қатысты ашық пікірталастар ұйымдастыру тиімді нәтиже береді. Сонымен қатар дәстүрлі дін өкілдерінің, теолог мамандардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілуі тиіс.

Отбасы институтының рөлі де ерекше. Ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы, оның қызығушылығы мен ортасына мән беруі көптеген қауіптің алдын алады. Жастармен ашық диалог орнату, олардың мәселелерін дер кезінде тыңдау – радикалды идеологияға қарсы тұрудың маңызды тетігі.

Деструктивті діни түсініктің жастар санасына әсері – қазіргі қоғамдағы өзекті әрі күрделі мәселе. Онымен күресу мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен іс-қимылын талап етеді. Саналы, сыни ойлай алатын, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтейтін жастар – ел болашағының берік кепілі.

Нұрдәулет БОРАНҚҰЛ,

облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының

Шу ауданы бойынша арнайы бөлім инспекторы