Дәрігерге қол көтеру – ұлт болашағына жасалған қастандық
Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шыбын жанымыз шырқырап, дертімізге дауа іздей бастаймыз. Сол кезде бәрімізге дәрігерден жақын әрі жанашыр жан жоқ болып көрінеді. Ал дәрігер алдына келген адамдардың ұлтына, діни наным-сеніміне, әлеуметтік жағдайына қарамай, барлығына бірдей көмек көрсетеді. Науқастың туған-туыстарының сенімі мен аманатын арқалап, өмір мен өлім арасында арпалысады. Қайғырады, қуанады, тіпті кейде қиналғаннан жылайды, өзін-өзі жұбатады. Өкініштісі, кейде дәрігердің де ет пен сүйектен жаралғанын, дәрігердің де жүрегі, сана-сезімі, төзімі, үміті, арманы бар екенін ескере бермейміз. Ойламаған жағдайда дәрігер тарапынан сәл бір кемшілік кетсе, оны орынды-орынсыз кінәлап, жерден алып, жерге салып қаралау, есекке теріс мінгізіп, айқай-шу шығару, қоқан-лоқы көрсету қазіргі қоғамда тым жиілеп барады. Неге?
Алматыдағы медицина институтын бітіріп келіп, облыстық ауруханада хирург болып қызмет істегеніме 50 жылдан асып барады екен. Алла қуат берсін, ота жасаудан әлі де шеттей қоймаппын. 90 жасқа дейін қолдарынан қандауыры түспеген талай белгілі хирургтарды білеміз. Мысалы, белгілі мәскеулік нейрохирург Александр Коновалов 86 жасқа келді. Әлі де ота жасайды. Әйгілі хирург Борис Петровский мен ленинградтық хирург Ф.Углов 90 жасқа толып барып ота жасауды доғарды. Ал АҚШ елінің кардиохирургы, әлемді мойындатқан ғалым-профессор Майкл Дебейки 91 жасқа дейін ота жасағанын білеміз. Бәрі де уақыт еншісіндегі дүние ғой. Кім қанша жыл өмір сүреді, қанша жасқа дейін қызмет істейді, бәріне уақыт төреші.
Кейбір хирургтар «Мен ота кезінде қорықпаймын» дейді. Мүмкін оларда ондай қасиет бар шығар. Ал мен 50 жылдан аса уақыттан бері ота жасап келе жатсам да, әр ота жасар алдында толқимын, кейде қорқамын. Отадан емес, «алдымдағы адам тағдыры қалай болар екен» деген қорқыныш маза бермейді. «Мойныма алған жауапкершілікті орындай аламын ба, азаматтардың үміті ақтала ма?» деген күдік кейде бойымды билеп алады. Бәрі де аяқ астынан бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін ғой. Біз – Құдай емеспіз. Ойлағанымыздың бәрі бола бермейді. Тіпті үш-төрт сағаттық отадан қалжырап шығатын кезіміз болады. Ондай сәттегі жан күйзелісін айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті көз алдыңдағы адамнан көз жазып қалғанда жандүниең алай-дүлей болады, өзегің өртенеді. Бордай езілесің. Бірақ алда үміт бар. Қол қусырып отыруға да болмайды. Өмір үшін күресіп жатқанда барлығын ұмытасың. Тек ота сәтті аяқталғанда ғана есіңді жиып, әрең дегенде өзіңе келесің. Кейде сәтті аяқталған он сағаттық отадан жадырап шығатын уақытың болады. Әрине, медицинада ылғи жеңіс бола бермейді. Ол өмір заңы, хирургия заңы.
Бір күнде бір емес, бірнеше ота жасаған кездеріміз болды. Қайталап айтамын, тағдырын қолыңа сеніп тапсырған қандай адамға болса да ота жасау оңай шаруа емес. Хирургтың жұмысы өте күрделі және өте нәзік. Хирург болу сіз үшін нені білдіреді? Сіз біздің ішкі хирургиялық дүниемізді қалай бағалайсыз? Хирургтың жұмысы адамнан физикалық және моральдық жағынан көп күш талап етеді. Бұл операция үстеліндегі күнделікті қаһармандық жұмыс, тәуліктің кез келген уақытында әрбір науқастың өмірі үшін күрес. Және бұл пафос емес, бұл шындық, бұл операциялық хирургтың әдеттегі күнделікті өмірі. Жоғарыда айтып өткенімдей, кез келген адамның алдында (тіпті ол қас жауың болсын) дәрігерлік борышыңды өтеу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Дәрігер болған соң әртүрлі жағдайлар болады, күрделікті сан алуан хирургиялық операциялар жасаймыз. 6-8 сағатқа дейін созылатын күрделі оталар болады. Операциялар сәтті шықса, өзіңді жақсы сезініп, үйге жақсы көңіл күймен қайтасың. Ал кейде көңілің толмайтын кездер болады. Бір күніміз екіншіге ұқсамайды, әртүрлі адамдармен жұмыс істейміз. Біреуі ота үстелінде үреймен жатады, ал екіншісі оптимист – дәрігерге денсаулығын, тіпті өмірін сеніп тапсырады.
Ерте замандағы атақты сириялық дәрігерлердің бірі Абдуль Фараджа дәрігер туралы: «Қара, біз үшеуміз – мен, сен және ауру. Сондықтан, егер сен мен жақта болсаң, біз екеуміз аурудың жалғыз өзін оңай жеңе аламыз. Ал, егер сен қарсы жаққа ауып кетсең, менің жалғыз өзімнің екеуіңді жеңуге шамам келмейді» деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, әр уақытта дәрігер науқас адамның сеніміне ие болуы қажет.
Тағы бір мысал. Германия мемлекетінің атағы дүние жүзіне жайылған канцлері Бисмарк ауыр дәрежелік жүрек ауруымен ауыратындықтан, көптеген дәрігер оның құдыреттілігінен жасқаншақтап, науқасқа ешқандай ем таппаған болатын. Келесі жолы дәрігер-эскулап Швеннингер оны қарап, түрлі сұрақтар қоя бастағанда Бисмарк қатты ашуланып: «Мен сенің ақылсыз сұрақтарыңа жауап беріп отыра алмаймын, уақыт тығыз, шығып, кет», – деп есікті көрсетеді.
Мұндай жауапты тәкаппар Бисмарк күтпеген болатын. Сол уақыттан бастап жиырма жыл бойы Швеннингер канцлердің сеніміне еніп, оның емдеуші дәрігері болды. Соған байланысты Бисмарк: «Бұрынғы дәрігерлерді мен емдеген едім, Швеннингер мені емдеді» деген болатын.
Ал Сергей Миротворцев 1942 жылы жас хирургтардың алдында дәріс оқып тұрып науқастарды сыйлау туралы: «Науқасқа деген сүйіспеншілік – бұл өзіңді, уақытыңды, демалуыңды, тілектеріңді, көңіл көтерулеріңді құрбан ету дегенді білдіреді. Сіз шын жүрекпен және науқасты өзіңіздің жақын туысқаныңыз сияқты емдеу керексіз. Хирургия – бұл қызмет емес, ар-намыс, қуаныш, шабыт. Хирургия – адамдарға бақыт, әкелер мен аналарға сүйіспеншілік әкелетін мамандық» – деген екен.
Келесі есте қаларлық жағдай, бірде орыс жауынгерлері хирург Николай Пироговтың (1810-1881) алдына басы жұлынып кеткен солдатты алып келеді. Сонда басы жоқ жауынгерді көрген хирург: «Қайда апара жатсыңдар? Көрмей тұрсыңдарма, тіпті басы да жоқ қой?» дейді. Сонда жауынгерлер: «Ештеңе етпейді, құрметтім, оның басын артымызда екінші зембілде әкеле жатыр. Пирогов мырза басты бірдеңе қылып біріктіруі мүмкін, бәлкім, біздің бауырлас солдатымыздың әлі де пайдасы тиер», – деп жауап береді. Себебі жауынгерлер дәрігердің хирургтық дәрежесін өте жоғары бағалап, керемет операциялар жасай алады деп санайтын.
Бұл дәрігердің, әсіресе хирург Николай Пироговтың лауазымының биік екендігін дәлелдейді емес пе?
Ал қазіргі пациенттер ауруханаға түспес бұрын интернеттен өзінің ауруы жайлы барлық мәліметті жинап, саралап, көптеген мәліметтермен дап-дайын болып түседі. Содан кейін емдеуші дәрігерінің білімін тексермек болып, сандаған сұрақтар қойып, білгішсініп дәрігердің мазасын алады. Тіпті кейде дәрігердің өзін жаңылыстырады. Сөйтіп «дәрігердің білімі таяз» екен деп негіссіз қаралай бастайды. Дәрігерге деген сенім болмаса ем қонбайтынын олар естен шығарады. Сондықтан пациентер емдеуші дәрігеріне құрметпен, сеніммен қарау керек. Дәрігермен себепсіз жанжалдасып, текетіресіп, көңіліне қаяу түсіру жақсылыққа апармайды.
Медицина қызметкерлері арасында деонтология және этика деген түсінік бар. Ол адамдар арасындағы өзара қатынастар мен сыйластық туралы ілімдер. Дәрігерлер мен басқа медицина қызметкерлері сол талаптарды орындауға басым көңіл бөледі. Өкініштісі, кейбір пациенттер мен олардың жақындары келмей жатып сабырын жоғалтып, жөнсіз дәрігерлерге тіл тигізіп, балағаттап, зорлық-зомбылық көрсетіп, ашық «шабуыл» жасауы жиілеп барады. Ондай кезде әрине дәрігердің де жүйкесі сыр беріп, үндемей қалмауы мүмкін. Содан аяқ астынан жанжал (конфликт) тууы әбден ықтимал. Тіпті себепсізден-себепсіз дәрігерді немесе медбикені балағаттап, таяқтап кету қазір үйреншікті іске айналды.
Ресми деректерге сүйенсек, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 158 медицина қызметкері қызметтік міндетін атқару барысында әртүрлі деңгейдегі шабуылдарға ұшырап, зардап шеккен. 2022 жылы – 46 оқиға, 2023 жылы – 80, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 9 оқиға орын алған. Ал өткен 2025 жылы ондай оқиғалар 20-ға жуықтапты. Бұл сандардың артында жанын шүберекке түйіп, адамның өмірін арашалауға тырысып жүрген жандардың тағдыры жатыр.
Естеріңізде болса, өткен жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданында 25 жастағы Салих Теміралы мен 24 жастағы Дәулет Марат дефибрилляторды дені сау адамға қолдану жөнінде дауласып қалған. Даудың аяғы жанжалға ұласып, фельдшер Жасұлан Бостанұлы дефибриллятордың адам өміріне қауіп төндіретінін айтқанда, Марат оған сенбей, тәжірибе жасап көруді ұсынады. Ашуға бой алдырған Марат травматикалық қарумен фельдшерге оқ атады. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осы секілді «қақтығыстардан» ауыр жарақат алып, көз жұмған дәрігерлер сиректеу болса да тіркелуде.
Сайып келгенде дәрігер мен мейіргер – адамның өмірі мен денсаулығы үшін күреседі. Оларға қол көтеру – тек бір тұлғаға емес, тұтас жүйеге, қоғамға, ұлт болашағына қарсы қастандық. Мұндай әрекеттерге заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылуы тиіс. Біз дәрігерлерді қорғау арқылы өзімізді де қорғаймыз. Осы есте болғаны жөн.
Тағы бір көңіл аударатын мәселе – соңғы кезде дәріханалардың құрамынан процедуралық (емшара) кабинеттер көптеп ашылуда. Республика бойынша 400-ден аса процедуралық кабинеттің лицензиясыз қызмет етіп жатқаны анықталған. Емдік шараларды (инъекциялар, системалар және тағы да басқа) мейіргерлер орындауда. Ол бөлмелерде жедел жәрдем көрсететін мамандандырылған дәрігер жоқ, тіпті анафилактикалық шок бола қалған жағдайда дер кезінде медициналық көмек көрсететін арнайы дәрі-дәрмектер жоқтың қасы. Ең сорақысы, кейбір процедуралық кабинеттерде емшаралар дәрігердің тағайындауынсыз жүзеге асырылуда. Бұл – пациент өміріне тікелей қауіп төндіреді деген сөз. Мәселен Тараз қаласында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында екі адам анафилактикалық шоктан көз жұмды. Сондықтан, кәсіпкерлер пайда табам деп дүние қуып кетпей, өздері ашқан емшара кабинеттерінің талапқа сай болуына мән беруі керек. Біле білсек, адам өмірі мен денсаулығы ең қымбат, ең басты баға жетпес байлық!
Жалпы бүгінде денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуда. Қазіргі клиникалардың техникалық жабдықталуы 10-15 жыл бұрынғы ауруханалармен салыстырғанда шынында керемет. 35-40 жыл бұрын рентген аппаратынан басқа ештеңе болмады, ал диагностикалау мен емдеудің негізгі құралы біздің қолдарымыз, құлақтарымыз, көзіміз бен басымыз болды. Ол кездегі дәрігерлердің клиникалық ойлары, дифференциялау қабілеттері едәуір жоғары болатын.
Соңғы жылдары біздің өңірде де заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ауруханалар, емханалар, медициналық орталықтар ашылып жатыр. Бірақ облыстық көпбейінді аурухана мен облыстық инфекциялық аурухана әлі ескі, сонау алпысыншы, сексенінші жылдары соғылған ғимараттарда тіршілік етуде. Бірақ кез келген емдеу орнында білікті дәрігерлердің мен медбикелердің, санитаркалардың тапшылығы сезінілуде. Мамандарды жаңа тәсілдер мен енгізіліп жатқан технологияларға үйретіп, даярлау жайына баса көңіл бөлінсе орынды болар еді. Бүгінгі жоғары технологиялар ертең қарапайым, күнделікті әдіс болып қалуы мүмкін, сондықтан білімді шыңдау мәселесі үздіксіз жүргізілуі тиіс. Өйткені дәрігердің өмірі – бұл ешқандай бітпейтін университет. «Дәрігердің басты міндеті – өмір бойы қоғам үшін медициналық білімін жетілдіру, жұмыс атқару», – деген болатын орыстың ерте кездегі беделді клиницисті, профессор Алексей Остроумов.
Ал өткен ғасырда венгерлік акушер Земмельвейс «Студенттерге қойылатын талаптарды біршама жеңілдетуге бола ма, жоқ па?» деген сұраққа: «Еш уақытта да. Нашар заңгермен клиент ақшаны немесе еркіндікті жоғалту қаупі бар. Егер дәрігердің білімі нашар болса, онда науқас өмірін жоғалтады», – деп жауап берген екен. Ешқандай талқыға түспейтін жауап. Білімі таяз дәрігер аурудың соры. Халық арасында «Мақаудың астына түспе», деген сөз бар емес пе? Ендеше, Құдай білімсіз, біржақты мінезді, кертартпа дәрігерден сақтасын!
Айтылған мәселелердің тобықтай түйіні – адам өмірінің арашасы, денсалық сақтау ісінің сақшысы медицина қызметкерлерінің ел-жұрт алдындағы адал еңбегін бағалап, сыйлап, құрметтей білейік. Ал дәрігер мен орта буын медицина қызметкерлері біліктілігімен, білімділігімен, мәдениеттілігімен ерекшеленіп, көптің сенімінен шыға білейік. Әркез сабырлық сақтап, өзара сыйласып, адал еңбектің туын жықпау – әр адамның борышы.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының
докторы, профессор.