Қоғам

Қаржыны дұрыс басқару да көрегенділік

Бүгінде нарықтың талабы күшейіп, қарапайым халыққа жайлы өмір сүру оңайға соқпай тұр. Қаржылық дағдарыстан шыға алмай жүрген кейбір адамдардың күнделікті тұтынатын азық-түлігін осы күнде бөліп төлеу арқылы ірі сауда орталықтарынан «Kaspi Red»-пен алып жүргені де жасырын емес. Одан қалса, жағалай елге де, түрлі қаржы ұйымдарына да қарызға белшеден батқандар да бар. Осындай жағдайда мемлекет қарызға тәуелділікті азайту үшін «Қарызсыз қоғам» бастамасын ұсынған болатын. Қазіргі уақытта бұл бағытта қандай шаруалар атқарылуда? Біз осыған мән берген едік.

ЖОБА ЖЕМІСТІ ЖАЛҒАСУДА

Нақты айтқанда, «Қарызсыз қоғам» жобасы осыдан үш жыл бұрын «Amanat» партиясының бастамасымен іске асырыла бастады. Жоба халықтың қарызға тәуелділігін азайтып, қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап, оны жалпыұлттық деңгейде кеңейтуді тапсырғаны да баршаға белгілі. Жоба аясында қарызы екі-үш айдан асып кеткен азаматтарға онлайн және офлайн түрде оқыту, кеңес беру көмектері көрсетілуде. Заңгерлер тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген қазақстандыққа берешекті реттеу, құжат әзірлеу және банкпен келісу ісіне қолдау білдірумен айналысуда. Осылайша «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы қиын жағдайға түскен азаматтарға тығырықтан шығудың нақты жолдары ұсынылуда. Бұл идеяның негізгі мақсаты – халықты несиеге байлап қоймай, табысын, қаржылық сауаттылығын арттыру.

«Қарызсыз қоғам» жобасы 2025 жылы өз облысымызда кең көлемде жүзеге асырылып, нақты нәтиже көрсетті. Жоба аясында облыс бойынша барлығы 38 689 адам құқықтық көмекке жүгініпті. Оның ішінде 33 525 азамат қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп, қолына арнайы сертификат алған. Осы арқылы белгіленген жоспар 133,03 пайызға орындалыпты. Ал 5 164 адам оқуға қатыспай-ақ, тікелей құқықтық көмекпен қамтылған екен. Оқудан өткен азаматтардың ішінде қаржылық білімнің пайдасын көріп, несиесін толық жапқандар да, төлем кестесін қайта реттеп, қарызын жүйелегендер де бар. Барлық құқықтық өтініш мұқият қаралып, соның нәтижесінде 11 645 азаматтың банк есепшоттарына қойылған бұғат алынған. 18 915 адамға қарызды қайта құрылымдау бойынша көмек көрсетіліпті. Сонымен қатар 16 тұрғын соттық банкроттық рәсімінен өтсе, 1 553 әулиеаталық соттан тыс банкроттық мүмкіндікті пайдаланыпты. 38 адамға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шаралары қолданылса, тағы да 6 522 жерлесімізге өзге де құқықтық кеңестер берілген екен.

Биыл жобаның жоспары әлі толық бекітілмесе де, халық «Қарызсыз қоғам» туралы жақсы білгендіктен өз еркімен тиісті орынға келіп, оқуға жазылып жатқан көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жобаға облыстағы 10 аудан мен Тараз қаласының тұрғындары қатысқанын айта кетуіміз керек. Қатысушылардың басым бөлігін ауыл тұрғындары құрап отыр, яғни 27 980 адам немесе бұл 83,4 пайыз. Ал қала тұрғындарының саны 10 709 адам болса, бұл 31,9 пайызды құрайды. Осы деректердің өзі жобаның ел ішінде сұранысқа ие болып, әсіресе ауыл халқы үшін маңызды қолдау тетігіне айналғанын аңғартқандай.

Облыс бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Алтынай Молдашеваның айтуынша, бүгінгі қоғамда қарыздың көбеюіне бірнеше жайттар әсер етуде. Соның ең басты себебі тұтынушылық мәдениеттің күшеюіне байланысты болып отыр. Қазіргі кезде көптеген адамның табысын жинап көбейтуге мүмкіндігі болмағандықтан, қалаған затын несие арқылы бірден алуға ұмтылады екен. Жалпы халықтың дені көлік, баспана, тұрмыстық техника, тіпті күнделікті керек-жарақтың өзін несиеге алатын жағдайға жеткенін көріп отырмыз. Екінші маңызды себептің бірі – несие мен қарыздың тым қолжетімді болуы. Банктер мен микроқаржы ұйымдары несиені тез рәсімдеп, құжатсыз немесе болмашы ғана талаппен сұраған адамға үстеме пайызбен қарыз беруі үйреншікті әдетке айналғандай. Бұл да адамдарды ойланбастан қарыз алуға итермелейтіні анық. Үшінші себеп – табыстың жеткіліксіздігі. Көп жағдайда жалақы мен әлеуметтік төлемдер азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге және басқа да күнделікті шығындарға толық жетпей жатады. Сонымен қатар инфляция, яғни азық-түлік пен қызмет бағасының үнемі өсуі халықтың қалтасына аса ауыр салмақ салып отыр. Бұған қоса, қаржылық сауаттылықтың төмендігі де үлкен мәселе болса керек. Жұртшылықтың дені несие шартын, пайыздық мөлшерлемені, қарыздың ұзақ мерзімді салдарын толық түсінбей, жоспарсыз қарыз алатын көрінеді. Сондай-ақ ауруға шылдығып, «Kaspi Red»-пен дәрі-дәрмек сатып алу, ойламаған жерден туындаған шығынды жабу, жұмыссыз қалу секілді күтпеген жайттар адамдарды амалсыздан несиеге жүгінуге мәжбүр етеді екен. Маман осындай факторлардың барлығы қоғамдағы қарыз деңгейінің артуына тікелей әсер етіп отырғанын айтады.

 

ҚАРЫЗСЫЗ КҮН КӨРУГЕ ДЕ БОЛАДЫ

Алтынай Молдашеваның сөзіне сүйенсек, амалын тапқан адамға қарызсыз да өмір сүруге болады. Бірақ кез келген адам үшін бұл оңай шаруа  емес және үдеден шығу үшін белгілі бір талаптарды ұстану қажет. Ең алдымен, тұрақты табыс пен дұрыс қаржылық жоспардың болуы шарт. Адам өз кірісі мен шығысын нақты есептеп, артық шығыннан бас тарта алса ғана, қарызсыз өмір сүруге мүмкіндік бар. Негізінде қаржылық сауаттылықтың да маңызы зор. Несие мен қарыздың салдарын түсініп, қажетсіз тұтынудан аулақ болу қарызға тәуелділікті азайтатын көрінеді. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру деңгейі де үлкен рөл атқарады. Табысы төмен немесе күтпеген қиындыққа тап болған азаматтар үшін қарызсыз өмір сүру әлдеқайда күрделі. Мемлекеттік қолдау мен экономикалық тұрақтылықтың да айрықша әсері бар. Егер еңбекақы өсіп, тұрақты жұмыс орындары көбейсе, халықтың қарызға жүгінбей өмір сүруіне жол ашылады.

Сонымен бірге қарыздың адам психологиясына тигізер кері әсері айтарлықтай. Ол адамды үнемі күйзелісте жүруге, мазасыз күйге түсуге душар етеді. «Қарызды қалай және қашан қайтарамын?» деген ой адамды үнемі уайымға батырғандықтан, жүйкесі сыр бере бастайды. Болашаққа деген сенім азайып, қорқыныш пен сенімсіздік пайда болады. Қаржылық қиындықтар адамның өз-өзіне деген сенімін төмендетіп, өзін қор сезінуге итермелейді. Қарыз отбасылық және әлеуметтік қарым-қатынасқа да кері әсер етеді. Үй ішінде ұрыс-керіс көбейіп, туған-туыс пен таныс, дос-жаран арасындағы қарым-қатынас әлсіреуі мүмкін. Ұзақ уақыт төленбеген қарыз күйзеліс қаупін арттырып, адамды психологиялық тұрғыдан қажытып, оның соңы өмірден түңілуге итермелейді екен. Осы тұрғыдан алғанда, қарызға бату адамның иығына артылар психологиялық ауыр жүкке айналады.

– Менің ойымша, қазіргі қоғамда қарызға көзқарас екіұшты деңгейде қалыптасқан. Бір жағынан, қарыз күнделікті құбылыс ретінде қаралады. Көптеген адамдар несие алуды өмірді жеңілдететін құрал, мүмкіндік деп санайды. Мысалы, үй, көлік, тұрмыстық техника алу үшін несиеге жүгінеді. Көп адам уақыт оздырмай бәрін бірден алғысы келеді, ақшасын жинамай жатып бірден жағдайын түзеп алуды, шалқып өмір сүруді қалайды. Екінші жағынан, қарызға теріс көзқарас та бар. Кейбіреулер қарызды жауапсыздықпен, тәуелділікпен және қаржылық қиындықпен байланыстырады, оны психологиялық және әлеуметтік ауыртпалық деп қабылдайды. Қарыздың адамға жайсыздық, күйзеліс, қорқыныш пен сенімсіздік, өз-өзіне деген сенімнің төмендеуі секілді қолайсыздықтарды әкеледі. Десе де бүгінде қаржылық сауаттылық артқан сайын, қоғамда қарызға сын көзбен қарау күшейіп келеді. Жұртшылықтың бір бөлігі қажетті несие мен артық қарыздың айырмасын түсіне бастады. Сондықтан қоғамда қарызға деген көзқарас толықтай болмаса да біртіндеп өзгеріп келеді.

Несие алмас бұрын адам бірнеше маңызды нәрсені ескеруі керек. Біріншіден, несие шынымен қажет пе, әлде уақытша жан қалауына байланысты ма, осыны ой елегінен өткізіп алу қажет. Екіншіден, өз табысын және шығындарын нақты есептеу маңызды. Ай сайынғы төлем табыстың 30-40 пайызынан аспауы тиіс. Үшіншіден, несие шарттарын мұқият оқыған абзал. Пайыздық мөлшерлеме, комиссиялар, айыппұлдар, мерзім секілді талаптардың бәрі анық болуы тиіс. Төртіншіден, күтпеген жағдайларды ескеру маңызды. Мысалы, жұмысынан айырылу, оқыс жағдайға тап болу, туған-туыстың қолқалауымен, олардың көңілін жықпай несие әперу секілді жағдайлар болашақта қарызды қиналмай төлеуге айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін. Бесіншіден, балама жолдарды қарастыру қажет, яғни жинақ жасау, шығынды кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу кейде несиеге қарағанда тиімдірек болады. Сондықтан қарыз аларда адам әбден ойланып барып, саналы түрде шешім қабылдауы керек.

Табысты дұрыс басқару үшін пайдалы әдеттерді қалыптастыру қажет. Алдымен қаржылық жоспар құру әдеті маңызды, яғни айлық табыс пен шығынды алдын ала жоспарлау ақшаны басқаруға, оның қайда жұмсалып жатқанына бақылау орнатуға көмектеседі. Күнделікті шығынды есептеп отыру артық жұмсалған қаражатты азайтады. Табыс түскенде кемінде 10 пайызын жинаққа бөлу әдетке айналуы тиіс. Төртіншіден, амалсыздық пен көңіл қалауын ажырата білу қажет. Керек затыңды аларда нақты қажеттілік үшін қимылдау табысты үнемдеуге көмектеседі. Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды, ақша, несие, инвестиция туралы білім алу дұрыс жолды таңдауға мүмкіндік береді. Осы әдеттер тұрақты болса, табысты дұрыс басқару оңай бола бастайды.

Қаржылық сауаттылық қазіргі қоғамда өте маңызды. Ол адамға ақшаны дұрыс басқаруды үйретеді, табыс пен шығынды жоспарлау, жинақ жасау дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар ол қарыз бен несиені саналы түрде пайдалануға көмектеседі. Адам несие шарттарын түсініп, артық қарыздан сақтанады. Қаржылық сауаттылық күтпеген жағдайларға дайын болуға, тәуекелді бағалауға мүмкіндік береді және болашақты жоспарлауға жағдай жасайды. Мысалы, білім алу, баспана салу сияқты ұзақ мерзімді мақсаттарға тыңғылықты дайын болуды қалыптастырады, – дейді ол.

Маман адам бойындағы күйзелісті азайтып, өзіне деген сенімін арттыруға әрекет етуі керек деп есептейді. Сол себепті қаржылық сауаттылықтың болуы жекелеген адамның ғана емес, тұтас қоғамның тұрақты дамуының негізі болып саналатынын алға тартуда.

 

БЕРЕШЕКТЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП

Банктер мен микронесиелік ұйымдардың жауапкершілігі де аса маңызды екен. Олар тұтынушылардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Ашық және толық ақпарат беруі қажет. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемелер, комиссиялар, айыппұлдар, қайта есептеу шарттары түсінікті әрі нақты болуы тиіс. Қарыз алушы қай сома, қандай мерзімде және қандай шартпен қайтаратынын білуі керек. Несие беруде жауапкершіліктің ескерілуі – адамның табысына қарай төлем қабілетіне сай болуын, артық қарыз беріп, қиын жағдайда қалдырмауды қамтамасыз ету. Қарызды қайта құрылымдау және қолдау, қиындыққа тап болған азаматқа төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу сияқты жеңілдетілген шарттар ұсыну да маңызды саналады. Қарызды агрессивті түрде қайтаруға талпыну, қорқытып-үркіту, жасырын комиссиялар қолдану заңға және бизнес этикасына қайшы екені анық. Сол себепті әр адам банктер мен микроқаржы ұйымдарының міндетіне тек өз пайдасын ғана ойламай, қарыз алушының мүддесін қорғау және қаржылық тұрақтылықты сақтау да жататынын білуі қажет.

Отбасындағы қаржылық тәрбиеде бірнеше негізгі қағидаға сүйену де маңызды. Балалармен ақша туралы ашық сөйлесудің артықшылығы көп көрінеді. Олар да кіріс-шығыс, жинақ және қарыздың мәнін түсінуі қажет. Қаржылық жоспарлау дағдысын балаларға да жастайынан үйретсек, бұл отбасылық бюджетті жасау, шығындарды бақылау және мақсатқа сай ақша жинауда үлкен көмегін тигізеді екен. Балалардың болашақта алаңсыз өмір сүруіне жауапкершілікпен қарау, керегін саналы түрде тұтынуды үйрету олардың болашағы баянды болуына септігін тигізбек. Өйткені ақша тек көңіл көтеру үшін емес, белгілі бір мақсатқа жету құралы екенін жастардың жете түсінуі маңызды. Отбасында берілетін қаржылық тәрбие болашақтағы қаржылық сауаттылық пен қарыздан сақтанудың негізі болмақ. Ақшаны қалай басқару әр адамның қолында, сондықтан қарызға батудан сақтанып, табысты жоспарлап, үнемдеуді әдетке айналдыру басты мәселенің бірі. Көлемі аз немесе көп болсын қаржымен байланысты жұмыстарды саналы түрде сауатты атқару өмірді жеңілдетіп, болашақты тұрақты ететіні анық.

 

БЕЙНЕСАБАҚТАРДЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Жалпы, «Қарызсыз қоғам» жобасы мемлекет пен қаржы институттарының қолдауымен жүзеге асады және қаржылық білім беру, несие басқару, құқықтық көмек көрсету сияқты бағыттарды қамтитыны белгілі. Біз тілдескен маман жоба барлық қазақстандықтарға арналғанын, бірақ кейбір топтарға ерекше назар аударылатынын сөз етті. Ол – қарызға батып, қайғыға душар болғандарға жол сілтеу.

Жоба бойынша нақты статистикаға сәйкес, 40 пайыз қатысушы өз қарызын басқаруды жақсартып, несие санын немесе көлемін қысқартқан. 70 пайыз қатысушы ай сайынғы несие төлемдерін төмендеткен. Бұл көрсеткіштер жобаның көптеген қатысушыларға нақты әсер еткенін және олардың қаржылық жағдайын жақсартқанын көрсетеді.

Бір айта кетер жайт, ауыл тұрғындары мен қалалықтардың қаржылық жағдайында айырмашылықтар бар көрінеді. Қала тұрғындарының табысы әдетте жоғары, соған сай шығындары да көп болады екен. Ауыл тұрғындарының табысы төмен, сондықтан олар қысқа мерзімді қарызға жиі жүгінеді. Қалада банктер, микронесиелік ұйымдар мен кредиттік қызметтер көп, несие алу жеңіл, ал ауылда қаржы қызметтері шектеулі, кейде ресми қарызға қол жеткізу қиын, сондықтан туыс-таныстардан қарыз алу жиі кездеседі. Қала тұрғындарының қаржылық білімге, тренингтер мен ақпаратқа қол жеткізуі оңай, ал ауыл тұрғындары ақпарат аз болғандықтан қаржыны басқару дағдылары төмен сыңайлы.

Қарызсыз қоғамды қалыптастыру үшін мемлекеттің негізгі міндеттері – білім беру арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру. Сондай-ақ несие нарығын әділ және ашық ету, әлеуметтік қолдау көрсету, жинақ және үнемдеуді ынталандыру, ақпараттық науқандар жүргізу және қарыздан шығуға нақты көмек ұсыну да басты міндеттің бірі. Сондықтан кімде кім қарызға батып, одан шығудың жолын таппай жүрсе, «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысуына құқығы бар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ