Әлеумет

Су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан

Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Жиынға облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының жауапты мамандары қатысты.

Отырысты кеңес төрағасы Жұмахан Танкебаев ашып, жүргізді. Жиында партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары сөз болды.

Ақпан айының алғашқы онкүндігінде партиялық бақылау комиссиясының арнайы жұмысшы тобы өңірде су тасқынын алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын зерделеген болатын. Осыған орай жиында комиссия мүшесі Алпамыс Қазыбаев атқарылған зерделеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Баяндамашының айтуынша, облыста көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында бірқатар ұйымдастыру шаралары қабылданған. Облыс әкімдігі тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, жедел штаб құрылған, кезекшілік кестелері бекітіліп, өңірдегі жағдай тұрақты бақылауға алынған.

Мұнан соң «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бауыржан Ибрагимов сөз алып, суқоймаларының қазіргі ахуалына тоқталды. Мекеменің теңгерімінде жалпы сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 су нысаны бар. Оның ішінде 76 суқоймасы және 37 бөгет есепке алынған екен.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бегзат Қамбаров өңірдегі құтқару қызметтерінің әзірлігі, қауіпті учаскелерге жүргізілген мониторинг және елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар жөнінде баянда жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, облыста су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан. Бұл елді мекендерде 178 152 тұрғыны бар 32 638 үй есепке алыныпты. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 34 елді мекендегі қауіп толық жойылып, 2 елді мекенде су басу қаупі едәуір төмендетіліпті.

Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар жинақталып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Қатысушылар өңірдегі су тасқыны қаупін төмендету үшін өзара үйлесімді жұмыстың маңызына тоқталып, алдағы кезеңде де дайындық шаралары жалғасатынын жеткізді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ