Қалың қар қозғалысты қиындатты
Биыл Әулиеатаның қысы жылдағыдан бөлек болды. Осы уақытқа дейін табиғат көктем шығып кетердей жаймашуақ мінез танытса, осы аптаның сәрсенбісінде алдымен толассыз жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Үздіксіз, бірнеше күн бойы майдалап жауған қар қазір тізеден асады. Қала көшелері мен аулалар ақ ұлпаға оранып, адам түгілі техникалардың жүріп-тұруы қиындады.
Облыста ауа райының күрт бұзылып, қалың қар түсуіне байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес жолдарды тазалау және қысқы күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы жағдайда ұстауға 21 мердігерлік ұйым тартылып, 178 арнайы техника жұмылдырылған. Облыс бойынша алдын ала дайындалған 14 925 тонна құмның 9 658 тоннасы және 1 500 тонна тұздың 920 тоннасы қолданыста.
«Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің басшысы Ғалымжан Қайназаровтың айтуынша, қалада қалың қар жаууына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшіп, жұмыстар тәулік бойы жалғасқан. Алдағы күндерде де ақ ұлпа толастамауы мүмкін деп болжанып отырған көрінеді.
Табиғат тосын мінез танытқан шақта облыс құтқарушылары да күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр. Қардың қалың жаууы, боран, қатты жел және көріну қашықтығының төмендеуіне байланысты өңірдегі бірнеше республикалық маңызы бар автожолдарда шектеу енгізілген. Облыстық төтенше жағдайлар депатраментінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, 2026 жылғы 11 ақпанда сағат 17:30-дан бастап Қордай ауданында «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 159-238-шақырымы бойындағы Кенен ауылы мен Қайнар ауылының арасы, жаңа және ескі Қордай асуы арқылы өтетін учаскеде жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын көліктердің қозғалуына шектеу қойылған.
Құтқарушылармен қатар облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, жол патрульдік полиция батальоны және арнайы жасақ өкілдері де трассаларда тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Жолдың қолайсыздығына байланысты қарға батып қалған немесе жол жиегіне шығып кеткен көліктер шығарылып, жүргізушілерге жан-жақты көмек көрсетілуде.
Облыстық полиция департаменті біз сөз еткен бағыттарда қозғалыс әлі де жабық екенін еске салады. Мамандар азаматтарға жолға шығар алдында ресми ақпарат көздерін тексеріп, ауа райы жағдайын ескеріп барып, жоспар құруды ұсынуда. Негізгі міндет – жолда қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығару және барлық жүргізушінің қауіпсіздігін сақтау.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ