Қазақстандық арнайы жасақ халықаралық турнирде жеңіске жетті
Дубай қаласында өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы беделді халықаралық UAE SWAT Challenge – 2026 турнирінде қазақстандық арнайы жасақтар жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды arainfo.kz
Биылғы жарысқа 48 елден 109 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қазақстан намысын бес құрама команда қорғады. Нәтижесінде отандық арнайы бөліністер турнир тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.
Жалпыкомандалық есепте Kazakhstan C командасы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанып, бірінші орынды иеленді. Ал Kazakhstan A командасы күміс жүлдегер атанды. Үшінші орын Қытай құрамасына бұйырды.
Сонымен қатар:
Kazakhstan B – 8-орын,
Kazakhstan Tomiris – 18-орын,
Kazakhstan D – 20-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Tomiris әйелдер құрамасы өз санатында көш бастап қана қоймай, бірқатар ерлер командаларын да артта қалдырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарыста жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтады. Президент Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жасақталған құраманың кәсіби, физикалық және жауынгерлік даярлығы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ сарбаздардың жеңіске деген ерік-жігері мен отаншыл рухына ерекше тоқталды.
Президент жарыста лайықты өнер көрсеткен арнайы жасақ жауынгерлеріне тиісті құрмет көрсетілетінін жеткізді.