Жаңалықтар

Бала туу және күтіміне арналған жәрдемақылар 10%-ға артты

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша мемлекеттік жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдермен 164,1 мың адам қамтылды. Жалпы төлем көлемі 59,2 млрд теңгені құрады.

Бала тууына арналған біржолғы жәрдемақы

2026 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен бала тууына байланысты жәрдемақыны 28,5 мың адам алды. Бұл мақсатқа 5,6 млрд теңге бөлінді. Жәрдемақы Қазақстан азаматтарына, қандастарға және ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге, сондай-ақ бала асырап алған немесе қамқорлыққа алған тұлғаларға төленеді.

2026 жылдың басынан бастап жәрдемақы мөлшері 10%-ға индекстелді. Қазіргі таңда бала тууына берілетін төлем мөлшері:

бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (164 350 теңге);

төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (272 475 теңге).

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған азаматтар үшін 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы төленеді. 2026 жылғы қаңтарда бұл төлемді 130,2 мың адам 4,2 млрд теңге сомасына алды.

Ай сайынғы төлем мөлшері:

бірінші балаға – 5,76 АЕК (24 912 теңге);

екінші балаға – 6,81 АЕК (29 454 теңге);

үшінші балаға – 7,85 АЕК (33 952 теңге);

төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (38 493 теңге).

Жұмыс істейтін азаматтарға МӘСҚ төлемдері

Жұмыс істейтін азаматтарға жүктілік және босану, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына байланысты есептеледі.

2026 жылғы қаңтарда бұл біржолғы төлем 17,4 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 16,8 млрд теңгені құрады. Орташа төлем мөлшері – 1 160 626 теңге.

Сонымен қатар, МӘСҚ-тан бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Егіз немесе одан көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.

2026 жылғы қаңтарда бұл төлем 16,5 мың адамға тағайындалып, жалпы 32,6 млрд теңге төленді. Ай сайынғы орташа төлем мөлшері 78 294 теңгені құрады.