Құжат жоғары ұйымдастырушылық әрі мазмұндық деңгейде әзірленді деп есептейміз – Азат Перуашев
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеп, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.
Депутат жаңа Ата заңның жобасы бойынша шамамен жарты жылға созылған жұмыс барысында фракция парламенттік реформаға және құжаттың өзге де бөлімдеріне қатысты 50-ден астам түзету жолдағанын айтты.
Перуашев кәсіпкерлік құқығын қорғау, меншік нысандарының алуан түрлілігі мен кепілдіктерін сақтау, сондай-ақ банк және коммерциялық құпияны қорғау туралы ережелер жаңа Конституциядағы өзге де жаңашыл нормалармен бірге кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және жеке бизнестің дамуына оң әсер ететініне тоқталды.
Фракция жетекшісі партияның бір палаталы Парламентке көшу қажеттігі жөніндегі ұстанымын тағы да растады. Оның айтуынша, партия бұл модельді дәйекті түрде жақтап келеді және Конституция жобасы «Ақ жолдың» ұлттық бизнес пен отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау бағытындағы көзқарастары мен қағидаттарына сәйкес келеді.