Денсаулық

Вакцинациялау есебі толықтай цифрлық форматқа көшті

Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация бойынша электрондық есептілікке толық көшті, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап ҚР ДСМ ақпараттық жүйесіндегі «Вакцинациялау» модулі арқылы халықты вакцинациялау және вакциналардың қозғалысы бойынша электрондық есептілікті толық іске қосты.

Жаңа жүйе иммундау процестерін есепке алу мен бақылауды автоматтандыруға арналған. Нәтижесінде қағаз есептілік толықтай электрондық форматқа ауыстырылды. Модульде вакцинация фактілерін тіркеу, профилактикалық егулермен қамтуды мониторингтеу және вакциналардың қозғалысын бақылау жүзеге асырылады.

Сондай-ақ жүйе нақты уақыт режимінде Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесінің сақталуын, вакцинацияның уақтылы жүргізілуін талдауға және егілмеу себептерін тіркеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мен жас топтары бөлінісінде қосымша жаппай иммундау шараларын бақылау қарастырылған.

Вакцинациядан бас тарту жағдайларын талдау және олардың медициналық ұйымдар арасында таралуын бағалау үшін арнайы функционал енгізілген.

Цифрлық есеп форматы деректерді қайта енгізуді болдырмай, ақпараттың дұрыстығын арттырады. Бұл көрсеткіштердің салыстырмалылығын қамтамасыз етіп, басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға жол ашады.

Министрлік атап өткендей, «Вакцинациялау» модулін енгізу иммунопрофилактика бағдарламаларын тиімді басқаруға, вакциналарға қажеттілікті дәл жоспарлауға және егумен қамтудың төмендеуіне дер кезінде әрекет етуге бағытталған.

Ақпараттық жүйені дамыту денсаулық сақтауды цифрландыру аясында жүзеге асырылып, иммундау саласында бірыңғай әрі сенімді деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.