Жаңалықтар

Бүгін – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні

Бұл күн – әйелдердің ғылыми ойдың дамуына, инновациялар мен адамзат өркениетінің ілгерілеуіне қосқан зор үлесін мойындаудың айқын көрінісі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Әйелдер мен қыздардың ғылымдағы халықаралық күні ғылым саласындағы тең мүмкіндіктердің маңызын айқындап, жас қыздарды зерттеушілік жолды таңдауға ынталандыруға бағытталған.

Бүгінде әйелдер Қазақстанның ғылыми әлеуетін қалыптастыруда шешуші рөл атқаруда. Елде магистр, PhD докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежесіне ие 120 896 адам бар. Оның 62 433-і немесе 51,6 пайызы – әйелдер. Бұл көрсеткіш әйелдердің ғылыми-білім беру кеңістігіндегі белсенді әрі ауқымды қатысуын айқын дәлелдейді.

Жоғары білім беру жүйесінде де әйелдер жетекші орынға ие. Профессор-оқытушылар құрамындағы әйелдердің үлесі 65,7 пайызды құрайды. Оның ішінде магистрлердің 72,5 пайызы, философия докторларының (PhD) 62,8 пайызы, бейіні бойынша докторлардың 46,9 пайызы, ғылым докторларының 49,4 пайызы және ғылым кандидаттарының 65,1 пайызы – әйелдер. Бұл деректер әйел ғалымдардың кәсіби деңгейі мен ғылыми әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстанда ғылыми зерттеулермен айналысатын 12 893 әйел бар, бұл ғылыми қызметкерлердің жалпы санының 56 пайызына тең. Әйел зерттеушілердің жалпы зерттеушілер санындағы үлесі – 55,7 пайыз. Олар іргелі зерттеулерден бастап қолданбалы және пәнаралық жобаларға дейінгі түрлі ғылыми бағыттарда табысты еңбек етіп келеді.

Ғылыми бағыттар ішінде әйелдердің ең жоғары үлесі жаратылыстану ғылымдарына тиесілі – бұл салада 3 625 әйел (28 пайыз) жұмыс істейді. Инженерлік әзірлемелер мен технологиялар саласында – 2 625 адам (20 пайыз), гуманитарлық ғылымдарда – 2 471 адам (19 пайыз). Салалар бойынша әйелдер гуманитарлық (66 пайыз) және әлеуметтік ғылымдарда (65 пайыз) басымдыққа ие.

Әйелдердің ғылыми біліктілік деңгейі де жоғары. Ғылым кандидаты дәрежесінде әйелдердің үлесі – 60 пайыз, бейіні бойынша доктор және магистр дәрежесінде – 58 пайыз, философия докторы (PhD) дәрежесінде – 54 пайыз. Әсіресе медицина және гуманитарлық ғылымдар саласында ғылым кандидаттарының 72 пайызы – әйелдер. Бұл олардың жоғары ғылыми әрі кәсіби әлеуетін айғақтайды.