Ауаның ластануы алаңдатып отыр
Соңғы жылдары ауаның ластануы бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл мәселенің елімізде де күрделі сипат алып отырғаны жасырын емес. Өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындардың, жылу-энергия орталықтарының, сондай-ақ көлік құралдарының саны артқан сайын атмосфераға шығарылатын зиянды газдар көлемі де азаймай, керісінше көбейіп отыр.
Еліміздің көптеген қалаларында, әсіресе өнеркәсіп кәсіпорындары шоғырланған аймақтарда атмосфералық ауаның сапасы нашарлап, бұл жағдай сол өңірлерде тұратын халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіріп отырғаны туралы жиі айтылуда.
Өңіріміздегі стационарлық көздерден бөлінетін ластаушы заттардың нақты жиынтық шығарындылары 51,2 мың тоннаны құрайды. Ал Тараз қаласы бойынша стационарлық көздерден шығатын ластаушы заттардың нақты жиынтық мөлшері 24,8 мың тоннаға жеткен.
Автокөліктердің қоршаған ортаға тигізетін жағымсыз әсерін азайту – тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі. Қазіргі таңда облыста тіркелген автокөлік құралдарының саны 276,9 мыңды құрайды. Осыған байланысты жанармайды аз тұтынатын автокөліктердің жаңа үлгілері жасалып, бензинді сұйытылған газға алмастыру, сондай-ақ бензиннің орнына мал азықтық дақылдардан (қызылша, жүгері) алынатын өсімдік майларын пайдалану шаралары қолға алынуда.
Қара металлургия саласында, атап айтқанда шойын балқыту және оны болатқа қайта өңдеу кезінде атмосфераға көп мөлшерде зиянды түтін бөлінеді. Мысалы, 1 тонна шойынды балқыту барысында 4,5 келі шаң, 2,7 келі күкіртті газ және 0,5-0,1 келі марганец ауаға таралады. Сонымен қатар қоршаған ортаға мышьяк, фосфор, сурьма, қорғасын қосылыстары, сынап булары мен шайырлы заттар да бөлінеді.
Түсті металлургия саласы да атмосфераны шаң мен газ арқылы ластаушы негізгі көздердің бірі. Бұл салада атмосфералық ауаға шаңды заттармен қатар мышьяк, қорғасын және басқа да зиянды элементтер шығарылады. Ал алюминийді электролиз әдісімен алу кезінде электролиз ванналарынан көп мөлшерде шаң мен газ тәрізді фтор қосындылары бөлінеді. 1 тонна алюминий өндіру үшін электролиздің түрі мен қуатына байланысты 33-47 келі фтор жұмсалып, оның шамамен 65 пайызы қоршаған ортаға таралады.
Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, Тараз қаласында 36 474 жеке тұрғын үй, Жаңатас қаласында 1 439, Қаратау қаласында 3 185, ал Шу қаласында 6 650 жеке тұрғын үй бар. Аталған қалаларда тұрғын үйлермен қатар қозғалыс құралдары болып табылатын көліктерден бөлінетін түтіндер де атмосфераның ластануына өз әсерін тигізуде.
Жалпы ластанудың негізгі көздері – стационарлық және жылжымалы көздерден шығатын зиянды заттар. «Қазгидромет» мекемесінің мамандары мемлекеттік бақылау желісі арқылы қоршаған ортаның жай-күйіне, метеорологиялық және гидрологиялық жағдайларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады.
Қазіргі қалыптасып отырған экологиялық жағдайды жақсарту, соның ішінде ауа қабатының жоғары деңгейде ластануын болдырмау мақсатында мамандар жүйелі түрде бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Тараз қаласының аумағында атмосфералық ауаның жай-күйі 5 бақылау бекетінде қадағаланады. Оның ішінде 4 қолмен сынама алу бекеті және 1 автоматты станция бар.
Қала аумағында ауа құрамындағы 13 көрсеткіш анықталады. Атап айтқанда, қалқыма бөлшектер, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, азот диоксиді мен азот оксиді, фторлы сутек, формальдегид, күкіртсутек, бенз(а)пирен, марганец сияқты зиянды заттар бақылауға алынады. Мамандардың жүйелі жұмысының нәтижесінде аса жоғары және жоғары деңгейдегі ластану жағдайлары тіркелмеген.
Сационарлық бақылау желісінің деректері бойынша Тараз қаласының атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары деп сипатталады. Бұл көрсеткіш Сәтбаев көшесі мен Жамбыл даңғылында күкіртсутек бойынша СИ=3,6 пайызды құраса, Абай даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында көміртек оксиді НП=1 пайызды құрап отыр.
Осы уақытқа дейін шаһар бойынша атмосфералық ауадағы басқа ластаушы заттар мен ауыр металдардың концентрациясы шекті рұқсат етілген мөлшерден аспады. Орташа тәуліктік нормативтер бойынша асу жағдайлары азот диоксиді бойынша 1,7 ШРК (шекті рауалы концентрация) деңгейінде байқалады.
Ауаның ластануы климаттың өзгеруіне және жаһандық жылынуға алып келетін негізгі себептердің бірі. Кейбір елдерде қоршаған ортаға зиян келтіргендерге түрлі жаза қолданылып, айыппұл салынуда. Дегенмен бұл шаралар ауаның ластануын толық тоқтатуға жеткіліксіз. Себебі әлемнің әр түкпірінде тұрмыстық пештерден шыққан түтін де бұл мәселені одан әрі ушықтырып отыр. Сондықтан жаһанды алаңдатып отырған экологиялық мәселенің шешімі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Шолпан САУЛЕШЕВА,
облыс бойынша
экология департаментінің
бас маманы