Заманауи технологиялар мал ұрлығын ашуға септесуде
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұрым Шариповтың қатысуымен «Мал ұрлығының алдын алу және ашу жұмысының жай-күйі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған «Заң және тәртіп» бастамасы аясында облыстық полиция департаменті мал ұрлығына қарсы күресті жүйелі, кешенді әрі заманауи тәсілдермен жүргізіп келеді.
Баяндамашы бұл бағыттағы жұмыстар Ішкі істер министрлігінің ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бағдарламаның басты басымдықтарының бірі – профилактикалық шараларды күшейту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу.
2025 жылы тіркелген мал ұрлықтарының 74,1 пайызы малдың жайылымда қараусыз қалуынан орын алыпты.
– Өткен жылы мал ұрлағаны үшін 74 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде кәсіби түрде айналысқан 47 адамнан құралған 18 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған малдың 72 пайызы иелеріне қайтарылды. Жалпы келтірілген 271 миллион 533 мың теңге шығынның 166 миллион 13 мың теңгесі өндірілді, – деген спикер мал ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмыстар 5 негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Әсіресе цифрландыру мен заманауи технологияларды қолдану тиімділігін дәлелдеуде.
Сонымен қатар мал сою орындары мен ет өнімдерін қабылдап-сататын нысандардың да жұмысы тұрақты бақылауған алынған. Облыс аумағындағы 54 мал сою орны тексеріліп, 26-сы жұмыс істемейтіні анықталған. Ал Тараз қаласында 2 заңсыз мал сою орны табылыпты.
Бүгінде полиция қызметкерлері ветеринариялық бақылау және қадағалау органдарымен бірлесіп, ірі ет саудасы орындарында таңғы сағат 05.00-ден бастап кезекшілік атқарып, жеткізілген өнімдердің құжаттарын тексеруде.
Айжан ӨЗБЕКОВА