Сталкинг жасағандар жазасыз қалмайды
Жуырда Шымкент қаласында кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өлімі қоғамды дүр сілкіндіріп қана қоймай, Қазақстандағы әйелдер қауіпсіздігі мен қудалау, яғни сталкинг мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Бұл оқиғаның артынша Қызылорда қаласының тұрғыны Жазира Қуанышбай әлеуметтік желіде өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, жанайқайын жария етті. Оның айтуынша, жарты жылдан бері белгісіз біреу маза бермей, аңдып, мазалап жүрген. Бұл жазбаның астына пікір қалдырған қыз-келіншектердің көпшілігі өздерінің де сталкингке ұшырағанын жазды. Осы жағдайлар елімізде сталкинг мәселесінің шын мәнінде өзекті екенін айқын көрсетті.
Бір адам екінші адамға жүйелі түрде маза бермей телефон соғып, артынан аңдып, әлеуметтік желілерде бақылап, мансұқ етіп, тіпті қорқытып-үркітсе, бұл сталкинг деп аталады. Мұндай қудалау жәбірленушінің жеке кеңістігін бұзып қана қоймай, оның психологиялық жағдайына ауыр соққы береді. Үнемі үрей мен қорқынышта өмір сүру, қоғамнан оқшаулану, күйзеліске түсу – сталкингке ұшыраған адамдардың ең жиі бастан кешетін салдары.
Осы қауіптің алдын алу мақсатында Қазақстанда сталкинг ұғымы Қылмыстық кодекске ресми түрде енгізілді. Енді адамның еркіне қарсы байланыс орнату, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету заңмен жазаланатын әрекет саналады. Мамандардың пікірінше, бұл қадам ең алдымен қудалаудың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тараз қалалық прокуратурасының прокуроры Сағыныш Тастанов сталкинг тек моральдық мәселе емес, нақты құқықтық жауапкершілік жүктейтін әрекет екенін айтады. Оның сөзінше, жәбірленушіні жеке деректеріңді жариялаймын деп қорқыту, үздіксіз қоңырау шалу, әлеуметтік желілер арқылы аңду Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен саралануы мүмкін.
Сонымен қатар, мессенджерлер арқылы жазылған хаттар, әлеуметтік желілердегі хабарламалар, қоңыраулар тарихы, скриншоттар мен бейнежазбалар дәлел ретінде заңды күшке ие. Бұл жәбірленушілерге өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облысымызда сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелмеген. Алайда бұл мұндай әрекеттер мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Заңдағы өзгеріс – қоғамға ескерту жасап, қауіптің алдын алуға бағытталған қадам.
Мәселенің психологиялық қырын психолог Жарқынай Қамбатыр ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, интернет-сталкинг қазіргі заманның дертіне айналған. Сырттай қарағанда зиянсыз қызығушылық секілді көрінгенімен, оның астарында терең эмоционалдық проблемалар жатыр.
Маман сталкингтің дофаминдік тәуелділікке ұқсас циклдік процесс екенін жеткізді. Әлеуметтік желідегі стористі көру, жаңа сурет немесе пікір табу қысқа мерзімді қанағаттану сыйлайды, алайда оның артынан өкініш, өзін құнсыз сезіну және қайтадан аңдуға деген құштарлық пайда болады. Сонымен қатар сталкерлік мінез-құлық көбіне өзін-өзі салыстырумен байланысты. Адам өзін бұрынғы серіктесінің немесе қызығушылық нысанының жаңа өмірімен салыстырып, саналы түрде өзіне ауырсыну тудырады. «Менсіз оның өмірі жақсарып кетті ме?» деген сұраққа жауап іздеу – өзін-өзі жазалаудың бір түрі.
Жарқынай Қамбатырдың айтуынша, сталкинг – қарым-қатынастың аяқталғанын мойындамаудың көрінісі. Стористерді көру, лайктарды санау арқылы адам әлі де байланыс бар деген иллюзияда өмір сүреді. Бұл эмоционалдық сепарацияға, яғни қоштасуға кедергі келтіреді. Сталкерлік мінез-құлықтың негізгі себептері ретінде өзін төмен бағалау, реніш пен кек сезімі, сондай-ақ жалғыздық аталады. Сондықтан сталкерлікке барған адам да, оған ұшыраған адам да психологтың көмегіне жүгінгені жөн.
Сталкингтің сипаты әртүрлі болуы мүмкін. Мамандар оның бірнеше түрін анықтап отыр. Дәстүрлі, яғни офлайн сталкинг кезінде қудалау физикалық түрде жүзеге асады: адамның үйі мен жұмысының маңында жүру, артынан аңду, жолын кесу, әдейі кездесуге тырысу. Киберсталкинг интернет пен байланыс құралдары арқылы жасалады. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде үздіксіз жазу, геолокация арқылы бақылау, жалған аккаунттармен аңду, жеке фото мен ақпаратты заңсыз сақтау немесе тарату – соның мысалы. Бұл түр әсіресе жастар арасында кең таралған.
Ең қауіпті және жиі кездесетін түрлердің бірі – интимдік, серіктестік сталкинг. Ол көбіне бұрынғы немесе қазіргі серіктестер тарапынан жасалады. Қарым-қатынас үзілгеннен кейін бақылауды тоқтатпау, қорқыту, балағаттау, бопсалау, қысым көрсету – осы түрге тән белгілер. Статистикаға сәйкес, сталкинг құрбандарының 40 пайызы бұрынғы жақын адамынан зардап шегеді. Сонымен қатар жұмыс орнындағы сталкинг те кездеседі. Мұндай жағдайда әріптестер немесе басшылар қызмет бабын асыра пайдаланып, бақылау камераларын әдейі қолдануы, заңсыз жазбалар жасауы, үздіксіз қоңырау шалуы немесе хабарлама жазуы мүмкін. Бұл адамның психикалық саулығына және еңбек қабілетіне кері әсер етеді. Ал бейтаныс адам тарапынан жасалатын сталкингтің қауіптілігі – қудалаушының мотивациясы беймәлім болуында. Мұндай жағдайда жәбірленуші үнемі бақылауда болады.
Сарапшылар обсессивті «қатынастыққа ену» түрін де сталкингке жатқызады. Бұл көбіне «махаббат» немесе «таза сезім» ретінде бүркемеленеді. Алайда шын мәнінде бұл адамның еркі мен жеке шекарасын елемей, бақылау мен билік орнатуға бағытталған жасырын зорлық.
Көп жағдайда сталкинг елеусіз қудалаудан басталып, кейін физикалық зорлыққа, тіпті кісі өліміне дейін ұласуы мүмкін. Сондықтан сталкингке қарсы арнайы баптың енгізілуі қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заңның басты мақсаты – жазалау ғана емес, адамдарға ескерту жасап, қауіпті әрекеттердің алдын алу. Ең бастысы, әр азамат өзгенің жеке шекарасын бұзуға болмайтынын түсінуі тиіс.
Айжан ӨЗБЕКОВА