Білім

Ғылым биік мақсатқа жол ашады

Жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына жол ашып, олардың ой өрісін кеңейтуде жоғары оқу орындарының орны бөлек. Білім ордалары жастарды ғылым мен білімге жетелеп, қабілетін шыңдап, кәсіби өмірге сеніммен қадам басатын маман етіп тәрбиелейді. Осы жолда Ш. Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті терең білім мен тәрбиені ұштастыра білген оқу ордасы ретінде айрықша құрметке ие.

Университет студенттің талабын қолдап, шығармашылық әлеуетін өсіріп, ел болашағына қызмет ететін саналы буын қалыптастыруға үлес қосуда. Оқу орны 2008 жылы құрылғалы бері өңірдегі білім мен ғылымның дамуына серпін беріп келеді. Бүгінде мұнда бакалавриаттың 53, магистратураның 25 білім бағдарламасы бойынша талапты жастарға сапалы білім беріліп, заман талабына сай мамандар даярлануда. Университет қабырғасында білім алған әрбір студент тек кәсіби дағдыны игеріп қана қоймай, ойы сергек, дүниетанымы кең тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады.

Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбековтің айтуынша, оқу ордасының басты мұраты – өңірдің дамуына үлес қосатын, еңбек нарығында өз орнын таба алатын білікті кадрлар тәрбиелеу. Осы мақсат жолында университет білім сапасын арттыруға айрықша мән беріп келеді. Ғылыми әлеуеттің жоғары деңгейі оқу үдерісінің мазмұнын байытып, студенттердің ізденісіне жаңа тыныс ашады.

Ғылымды тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруаларға қолдау көрсетіп отырған «Агробиология» ғылыми-зерттеу орталығының да университет үшін маңызы зор. Орталық мамандары әдістемелік және консультативтік көмек беріп, қаржылық сауаттылықты арттыруға, кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыруға көмегі мол  курстар мен тренингтер ұйымдастырады. Мұндай бастамалар ауыл еңбеккерлерінің жаңа технологияларды меңгеруіне, заманауи тәсілдерді қолдануына жол ашып, өңірдегі аграрлық саланың дамуына тың серпін береді.

Университет жанындағы «Ветеринария және малшаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығы да ауқымды жұмыстарымен ерекшеленеді. 50 гектар аумақты қамтитын орталықтың басты мақсаты – өңірлік агрокешенді дамытуға үлес қосу және ауылшаруашылығы селекциясын терең зерттеу. Мұнда ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қараға арналған ферма жұмыс істеп, студенттер мен жас ғалымдарға тәжірибелік алаң қызметін атқарады. Зерттеу жұмыстары мал өнімділігін арттыруға, сапалы генетикалық қорды қалыптастыруға және ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтуға қызмет етеді.

Сол секілді «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығы өңірдегі балықшаруашылығының дамуына тың мүмкіндіктер ұсынып келеді. Орталық мамандары балық өсіру технологияларын жетілдіріп, су айдындарының құрамын зерттеу арқылы табиғи тепе-теңдікті сақтауға көңіл бөледі. Қазіргі таңда облысымызда балықшаруашылығы саласында 148 су айдыны бар болса, университет ғалымдары сол көлдердің 80-інің ғылыми-биологиялық негіздемесін әзірлепті. Жүргізілген жұмыстар су ресурстарын ұқыпты пайдалануға, өңірдегі кәсіпкерлік бастамалардың өркендеуіне және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.

Осы мақсатта ғылым мен өндіріс арасындағы сабақтастықты күшейту жолында аквакультура өнімдерін өсіретін акваферманың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріліпті. Акваферма құрамындағы құбылмалы бахтах (радужная форель) балығын өсіру технологиясын меңгерген шағын зауыт тұрақты нәтиже көрсетіп, өңірдегі балық шаруашылығының дамуына серпін беріп отыр екен. Қазіргі уақытта акваферманың екінші нысаны саналатын бекіре балығын өсіруге арналған зауыттың да құрылысы аяқталып, жаңа өндірістік кезеңге жол ашылған.

Жақында университеттің ғылыми кеңесінде «Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 2026-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы» қабылданыпты. Аталған стратегиялық құжат оқу орнының келешек бағытын айқындап, білім сапасын арттыруға, ғылыми ізденісті күшейтуге және халықаралық ықпалдастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ректордың айтуынша, білім ордасында ауыз толтырып айтар жетістіктер аз емес. Университеттің заманауи инновациялық инфрақұрылымы, шығармашылық қуаты жоғары ғылыми-педагогикалық ұжымы және ізденіске құштар студенттік ортасы алға қойылған міндеттердің жүйелі орындалуына кең мүмкіндік беріп отыр.

Студенттердің спорттағы табыстары да жетерлік. Жақында Португалияның Лиссабон қаласында өткен Джиу джитсудан Еуропа ашық чемпионатында университеттің екі студенті жеңіс тұғырынан көрінді. Қоңыр белбеу иелері арасында Батыр Теңізбай алтын медаль иеленсе, Алинұр Қуатұлы күміс жүлдеге қол жеткізді. Әлемнің 7 000-нан аса мықты палуаны жиналған жарыстағы бұл жетістік қазақстандық күрес мектебінің әлеуетін айқын танытты. Батыр мен Алинұрдың бір топта білім алуы университет қабырғасындағы достық пен бірліктің көрінісіндей әсер қалдырады.

Қоғамдық жұмыстарда да белсенді жастар аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тағайындалған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын «Волонтерлік» бағыты бойынша университет студенті, «Sherkhan volunteers» клубының жетекшісі Гаухар Сайлаухан жеңіп алды. Оның әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы бастамашылдығы мен қоғамға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Осындай табыстар студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттырып, жастар қозғалысына жаңа леп әкелуде.

Университеттің мәдени өмірі де мазмұнды бастамаларға толы. «Талант» студенттік театрына берілген «Халықтық» атақ өнер ұжымының ұзақ жылғы еңбегінің жемісі саналады. 2008 жылы құрылған театр 20-ға жуық қойылымды сахналап, ұлттық және әлемдік драматургияны кеңінен насихаттап келеді. ҚР еңбегі сіңген әртістері Майра Әлімбетова, Әбиірбек Тінәлиев және шығармашылық жетекші Анар Сағымбекованың еңбегі ұжымның кәсіби деңгейінің өсуіне зор ықпал етті.

Жас оқытушылардың кәсіби дамуына арналған IV Қысқы жас оқытушылар мектебі 2026 жылы өз жұмысын табысты аяқтады. 6-9 қаңтар аралығында өткен білім беру алаңына университеттің 50 жас оқытушысы қатысып, заманауи оқыту әдістері, цифрлық білім беру технологиялары, ғылыми жарияланым әзірлеу және академиялық адалдық қағидаттары жөнінде дәрістер тыңдады. Тәжірибелі профессор-оқытушылар өткізген практикалық сабақтар қатысушылардың педагогикалық және коммуникативтік қабілеттерін жетілдіруге ықпал етті. Қорытындысында барлық қатысушылар арнайы сертификаттарға ие болды.

Қол жеткен табыстар университет жастарының алдағы уақытта да биік мақсаттарға ұмтылып, жаңа жетістіктерге жол ашатынын аңғартады. Білімге деген құштарлық пен табандылықты серік еткен өрендер келешекте де ел мерейін үстем етіп, игі бастамаларды жалғастыра береді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ