Жамбыл жаңалықтары

Таразда 300-ден аса жыр білетін талант тұрады

Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында 300-ден аса жыр-термені жатқа айтатын Бекарыс Көштаев есімді жас талант қызмет атқарады. Бекарыстың жадында тұтастай жыраулар дәуірі сақталып тұр десекте артық айтқанымыз емес.

Бекарыс Жәнібекұлы орталықта жыршы боламын деген жас таланттарға дәріс беріп, білгенін үйретеді, домбыра тартқызады.

Кейіпкеріміз Байзақ ауданы, Тегістік ауылының тумасы. Дарынды жас домбырашы, әрі күйші. Ол П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алған. Халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері.

Терме – ғибрат пен өнегеге толы, тағылымды сөздерден түзілетін асыл жанр. Ол ырғақтық құрылысы жағынан көбіне жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. Терме дәстүрі ерте замандардан бастау алып, ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келеді.

Бүгінде бұл мұра заманауи үлгіде жаңаша сипат алып, тыңдаушысына қайта жол тауып отыр. Сол дәстүрдің жалғастырушыларының бірі – осы Бекарыс сынды дарынды өнер иелері. Олар көне мен жаңаны ұштастыра отырып, терменің рухын бүгінгі күнге лайық жеткізіп жүр.

С.НҰРБОЛҚЫЗЫ