Көшбасшылар қатары көбеюде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» жобасы – уақытша бастама емес, Қазақстанның болашағына бағытталған стратегиялық бағдар. Білім саласының алға жылжуына үлес қосып жүрген педагогтер мен басқарушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға, білім беруді жаңғыртуға жол ашқан жобаның нәтижесі де жоқ емес.
Жоба алғаш жүзеге асқан 2023 жылы басшы-көшбасшы біліктілік санатына ие болған 2 азамат бүгінгі күні ауданымыздағы қос білім беру ұйымының білікті басшылары. Олар – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Дархан Тәтібеков мен А.С.Макаренко атындағы орта мектептің директоры Асхат Тұңғатаров. Ал 2024 жылы «Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» сертификатына қазіргі Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Индира Диханбаева ие болып, ең жоғарғы 13,5 балл жинақтап, өзінің мықтылығын сан қырынан дәлелдеді. Атап өту керек, 3 жас директор да жемісі мол жобаның арқасында білім беру ұйымдарындағы бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ директорлық қызметке тағайындалды.
Шу ауданы бойынша осы жобаның 6 түлегі болса, осы жылы 3 көшбасшы, яғни Абай атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Құралбаева, М.Х.Дулати атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айғаным Бұлантаева, Жиенбет негізгі мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Толысбаева қолдарына сертификат алып, кадр резервіне енгізілді.
Бүгінгі мақаламызда пилоттық режимде жүзеге асып жатқан жобаның қыр-сырымен қанық болып, әр кезеңнің машақатын көріп, озық тәжірибенің мәйегін алған көшбасшыларымыздің бірі Дархан Рахымбердіұлының ой-пікірлерімен бөліскенді жөн көрдік.

Халқымыз қай заманда болмасын игі істің бастауы ретінде жастарға зор үміт артып, келешектің кілтін жастардың қолына ұстатқан. Жастарға сенім артқан кешегі Алаш арысы Мағжан Жұмабаев та «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін» деп, жаңашылдық пен адалдықтың негізі – жастар екендігін дөп басып кеткен. Осы сөзді ұранға алатын, мақсаты мен арманы ел мүддесімен сабақтас әрі білім саласын өркендетуге құлаш сермеген көшбасшы жастарымыздың қатары арта берсін демекпіз!
Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист
Шу ауданы