Еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған
Қазақстанда Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу және оны бүкілхалықтық талқылау процесі елдің саяси және әлеуметтік өміріндегі маңызды кезеңге айналды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Парламентті реформалау туралы бастама көтеруінен бастау алды. Сол уақыттан бері қоғамның барлық саласын қамтыған кең ауқымды пікір алмасу жүріп келеді.
Осы мақсатта өткен жылдың қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылып, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жүйелі түрде қарастырыла бастады. Мемлекет басшысы реформалардың тағдыры тар шеңберде емес, халықтың тікелей қатысуымен шешілуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл қағида азаматтардың ұсыныстарын «eGov» және «eOtinish» платформалары арқылы жинау, Конституциялық комиссия отырыстарын ашық форматта онлайн көрсету және қоғамдық пікірді барынша ескеру арқылы нақты іске асырылды.
Бүгінде жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылау сатысында тұр. Бұл – түпкілікті құжат емес, керісінше Қазақстан халқының пікірін жинақтауға бағытталған ашық диалог алаңы. Мұндай тәсіл мемлекеттің жаңғыру жолында демократиялық қағидаттарға адалдығын көрсетеді.
Жаңа Конституцияны қабылдау қолданыстағы Негізгі заңнан бас тарту емес. Бұл – мемлекеттің институционалдық дамуының заңды әрі эволюциялық кезеңі. Конституциялық комиссия отырыстары барысында Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, ұсынылып отырған өзгерістер өзгерген әлеуметтік-саяси шындықтарға бейімделу қажеттігінен туындап отыр және қоғамдық дамудың өзекті талаптарына жауап береді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Конституциялық комиссия құрамына шамамен 130 адам кірді. Комиссия құрамында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, экономистер, саясаттанушылар, бизнес пен корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтар, құқық қорғау саласының өкілдері, ғалымдар, мәдениет және медиа қауымдастығының өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар. Бұл құрам комиссия жұмысының кәсіби деңгейін ғана емес, оның қоғамның негізгі топтарының мүддесін қамтығанын көрсетеді.
Комиссия барлық түскен ұсыныстарды жан-жақты талдап, өзара келісілген түзетулердің жинақталған жобасын әзірледі. Ұсынылып отырған Конституция жобасы Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Құжатта екі жаңа бөлім – «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» енгізілді. Сонымен қатар, бірқатар бөлімдердің атауы өзгертіліп, жалпы алғанда 77 бапқа түзету енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84 пайызы жаңартылатынын білдіреді.
Жаңа Конституцияның басты философиялық өзегі – адам. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қызметінің түпкі мақсаты ретінде айқындалады. Мемлекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғалуы және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігі үшін қызмет етуі тиіс деген қағидат бекітіледі.
Осы тұрғыда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жаңа Конституция жобасын еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды тарихи қадам ретінде бағалайды. Ұзақ жылдар бойы кәсіподақтар еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, оның еңбегінің әділ бағалануын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру мәселелерін көтеріп келеді. Жаңа Конституцияда бұл талаптардың құндылықтық деңгейде танылуы – әлеуметтік әділеттілікке жасалған нақты қадам.
Жоба мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін айқын әрі нақты түрде бекітеді. Мемлекет енді тек бақылаушы немесе реттеуші ғана емес, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға міндетті тарап ретінде қарастырылады. Бұл еңбекақының әділдігі, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер және жұмыссыздықтың алдын алу мәселелерін нақты тетіктер арқылы шешуге мүмкіндік береді.
Құжатта қазіргі заманның жаңа сын-қатерлері де ескерілген. Цифрландыру үдерісінің жеделдеуі, қашықтан жұмыс істеу, платформалық және икемді жұмыспен қамту формалары еңбек қатынастарының сипатын өзгертуде. Осыған байланысты жеке деректерді қорғау, цифрлық ортадағы құқықтар, еңбек қатынастарындағы жаңа форматтарды тану мәселелерінің конституциялық деңгейде бекітілуі ерекше маңызға ие. Бұл нормалар әсіресе жастардың, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және дәстүрлі емес еңбек нысандарында жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Билік пен өкілді институттардың жаңартылған архитектурасы қоғамдық бақылауды, ашықтық пен есептілікті күшейтеді. Мұндай жағдайда кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестік пен диалог жүйесіндегі рөлі артып, еңбек адамдарының мүддесін қорғаудың институционалдық мүмкіндіктері кеңейе түседі. Кәсіподақтар тек талап қоюшы емес, мемлекет пен жұмыс берушілер арасындағы сындарлы диалогтың белсенді қатысушысына айналады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы қоғамдық келісімді жаңғыртуға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және еңбек құқықтарын қорғау үшін берік әрі заманауи негіз қалыптастыруға бағытталған құжат. Ол барлық мәселелерді бір сәтте шешпесе де, елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды құндылықтық бағдар береді.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басты міндеті – осы конституциялық қағидаттардың нақты мазмұнмен толтырылуына белсенді қатысу. Яғни оларды салалық заңнамаларда, ұжымдық шарттарда және күнделікті еңбек тәжірибесінде нақты іске асыру. Бұл жолда кәсіподақтар еңбек адамының даусын естіртіп, әділетті қоғам құруға өз үлесін қоса береді.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
облыстық кәсіподақтар
орталығының төрағасы