Егіс алқаптарын әртараптандыру тығырықтан шығарады
Әне-міне дегенше ақпан айының да екінші он күндігіне аяқ бастық. Енді бір айдан кейін наурыз айы туып, жер бусанады. Сол сәтте дала төсінде шаруалар еңбек дүбірін қыздырады. Сондықтан диқандар егін егу науқанына сақадай-сай болуы қажет. Әрі биыл өңірде жауын-шашын аз түсті, салдарынан суайдындарындағы тіршілік нәрінің қоры да, жердегі ылғал да жылдағыға қарағанда мардымсыз. Сол себепті су үнемдеу мәселесі дәл қазіргі уақытта алдыңғы қатарға шығып отыр. Шаруалар бұл ретте суды көп қажет ететін дақылдардан уақытша бас тартып, шөлге шыдамды егін егуге басымдық беруі керек.
Осыған орай және ел өміріне жаңа өзгерістер әкелетін конституциялық реформаны талқылау мақсатында кеше Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен «Конституциялық реформа – ел болашағының негізі» тақырыбында жиын өтті.
Басқосуға салалық басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауылшаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының, «Шу-Талас» бассейіндік инспекциясының, аумақтық және ветеринариялық инспекцияның, «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының, өңірдегі қант зауыттарының басшылары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің төрағалығымен өткен жиында шаруа баққан азаматтардың қандай дақыл түрін егетіні, мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіні әңгіме өзегіне айналды.
Биыл егіс алқаптарының жалпы көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, 665,4 мың гектарға егін егу жоспарланыпты. Бұл ретте егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылып, суды көп қажет ететін дақылдарды суды аз қажет ететін дақылдармен алмастыру көзделген. Оның басты себептердің бірі – 2026 жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыстағы 76 каналға жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні. Аталған каналдардың суару алаңы 51,4 мың гектарды құраса, жалпы ұзындығы – 430,3 шақырым. Бұдан бөлек, «Киров» суқоймасында былтырғымен салыстырғанда жиналған су көлемі 160 миллион текше метрге аз көрінеді. Өткен жылы аталған суқоймада осы уақытта 450 миллион текше метрге жуық су болса, биыл әзірге 290 миллион текше метр ғана су жиналыпты. Төменде жатқан Талас пен Сарысу аудандарында да жағдай мәз емес. «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасында да 46-48 миллион текше метр су болса, былтыр бұл уақытта 86 миллион текше метр су болған көрінеді. Десе де осы жылға арналған егін егу жоспары суқоймаларға жиналатын су көлеміне қарай ақпан айының соңында қосымша қайта қаралады екен.
Басқосуда «Меркі қант зауытының» құрылтайшысы Дәурен Ердебай мен «Тараз қант зауытының» бақылау кеңесінің мүшесі Қанатбек Алиев сөз алып, осы жылы қанша өнім қабылдай алатындарын және оның қабылдау бағасын сөз етті.
«Тараз қант зауыты» да қазір жаңғыртудан өтіп жатса, қазан айында шикізат қабылдай бастайды екен. Оның да қант қызылшасын қабылдау қуаттылығы – 3 мың тонна, әр келісі 15 теңгеден болмақ. Сонымен қатар, басқосуда облыста жүгеріні терең өңдеу бойынша іске қосылатын «Fufeng Group» компаниясының, осы кәсіпорынның тұқыммен, техникамен қамтамасыз ететін серіктес компаниялары және «Тараз индустириалды аймақтағы» трактор зауыты мен су үнемдеу құрылғысын шығаратын зауыт өкілдері де сөз сөйлеп, өз шарттарын ұсынды. Мысалы, «Fufeng Group» компаниясы жүгерінің әр келісін 95 теңгеден қабылдауға дайын. Сонымен қатар әр ауданнан бір-бір жүгері қабылдау пунктін ашуды ойластыруда. Сұрақ-жауап барысында шаруалар лизингке техника, қаржы ұйымдарынан несие алу, тұқым мен тыңайтқыш мәселесін шешу, ұңғыма қазу, ол үшін мемлекет тарапынан қанша пайыз субсидия берілетіні секілді көкейдегі сауалдарына жауап алды Мәселен, Байзақ ауданындағы «Досеке» шаруа қожалығының иесі Әлібек Егембердиев былтыр еккен жүгерісінің әр келісін алқап басынан Өзбекстан азаматтарына 100 теңгеден сатқан екен. Осы жағын мәселе етіп көтергенде «Fufeng Group» компаниясының жүгері өсіру бөлімінің менеджері Чжао Гожэнь түсініктеме берді. Оның айтуынша, нарықта жүгерінің келісі 95 теңгеден жоғары болған жағдайда, шаруалардан өнім нарықтағы бағамен қабылданады. Ал баға 95 теңгеден төмен түссе, қабылдау құны 95 теңге деңгейінде сақталады. Сонымен қатар ол елді мекеннің қашықтығына қарай жол шығыны ретінде әр келісіне қосымша 4 теңгеден 10 теңгеге дейін ақы қосылатынын айтты.
Жалпы облыста аталған зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгерінің егіс алқаптарын қосымша 6,7 мың гектарға арттырып, жалпы көлемін 24,9 мың гектарға жеткізу көзделіпті. Осы жылы орта есеппен зауытқа 150 мың тонна өнім өткізу жоспарланған екен. Зауыт өкілдерінің айтуынша, жүгері өнімдері қабылданғаннан кейін, оның ақысы үш күн ішінде төлейді.
Жалпы шаруа қожалықтарын ынталандыру мақсатында басым дақылдар өндірісін субсидиялау бағдарламасы аясында шаруалардың шеккен шығындарының бір бөлігі тиісті субсидиялау нормалары бойынша өтелмек. Осы орайда дәндік жүгері дақылының бір тоннасының субсидиялау нормасы 20 000 теңгені құрайды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ