Жаңалықтар

Жамбыл облысы ПД командасы Сенат кубогында топ жарды

ҚР Парламенті Сенатының «Senat Open —2026» шахматтан ІІІ ашық кубогында құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында өткен тартысты додада Жамбыл облысы Полиция департаментінің командасы жалпыкомандалық есепте І орын иеленіп, жоғары шеберліктерін дәлелдеді.

Зияткерлік спорт бәсекесінде команданың намысын қорғаған қызметкерлер тамаша нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының инженері Зарифжан Ибрагимов жекелей есепте қарсыластарына дес бермей, І орынды иеленді. Оның салқынқандылығы мен кәсіби шеберлігі турнир барысында айқын көрініс тапты.

Сонымен қатар, ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Ануар Қылышбеков жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, команданың жеңіс қоржынына қомақты үлес қосты.

Ерлермен қатар иық тіресе ойнаған ПД Қаржымен қамтамасыз ету басқармасының технигі Жеңіскүл Демеуова жүлделі ІІ орынды еншілесе, ПД Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Ботакөз Темірбаева ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Жарысқа облыстың әр өңірінен 80-нен астам күштік құрылым қызметкерлері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға мол тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Сенат кубогы — жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын беделді зияткерлік дода. Жамбылдық полиция қызметкерлерінің бұл жеңісі —  қызмет пен спортты қатар алып жүрген қайсарлықтың айқын көрінісі.