Жаңалықтар

Алты ай аңдыған: Астанада сталкерге үкім шықты

Астана қаласының тұрғыны жәбірленушінің онымен қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, алты ай бойы оны жүйелі түрде аңдып, қудалағаны үшін сотталды, деп хабарлайды arainfo.kz

Іс материалдарына сәйкес, ер адам байланысты тоқтату туралы талаптарды, мессенджерлердегі бұғаттауды және қолданыстағы қорғау нұсқамасын елемеген. Ол жәбірленушіні тұрғылықты және жұмыс орны маңында аңдып, келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп, психологиялық қысым көрсеткен.

Сотта мемлекеттік айыптаушы жәбірленушінің жеке бас бостандығы, қауіпсіздігі және жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтары бұзылғанын дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтар ұсынды.

Сот үкімімен айыпталушы сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды және моральдық зиянды өтеу міндеттелді.

Сонымен қатар, оның бұған дейін бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп, шарттарын бұзғаны ескеріліп, өтелмеген жаза бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура заңсыз қудалау әрекеттері үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.