Жаңалықтар

Сенатта жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңа Конституция жобасының негізгі мәнін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Сенат депутаттарымен бірге сарапшылар қауымдастығының, ғылыми және талдау орталықтарының, салалық институттардың өкілдері, сондай-ақ, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың стратегиялық маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені терең жаңғыртуға қатысты сұранысының жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Конституция жобасы мәні жағынан Қазақстанның даму философиясын жаңартып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат екенін айтты. Ол құжатты қоғамдық талқылаудың деңгейі ауқымды екенін және Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

Іс-шара барысында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасарлары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшелері Жақып Асанов пен Ольга Перепечина, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров сөз сөйледі. Сондай-ақ «AMANAT» қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Жұлдызай Ысқақова, «Ұлттық энергия үнемдеу орталығының» басқарма төрағасы Елдос Абақанов және білім беру саласының сарапшысы Мәдина Тыныбаева жаңа Ата Заңның жобасы жөнінде пікір білдірді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызды екенін айтып, алдағы уақытта сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.